Алматыда пластмасса және алюминий бөтелкелерді қабылдайтын Freedom Fandomat іске қосылды
Бұл туралы Freedom Holding Corp. CEO директоры Тимур Турлов инстаграм парақшасында жазды.
«Елімізде Президенттің бастамасымен «Таза Қазақстан» атты үлкен экологиялық науқаны өтуде. Бұл бір реттік науқан да, сенбілік те емес, бұл – қалаларды көгалдандыру және тазалау, қоршаған ортаға аялауды насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша үлкен әрі өте маңызды бастама. Бірақ біз қажетті инфрақұрылым мен жағдай жасалмаса, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды елестету мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан да біз Freedom Fandomat жобасын іске қостық», – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, бұл қоқысты бөлек жинау құралы ғана емес, әлдеқайда ауқымы кең жоба. Оның мәні экологиялық мәдениет пен әдет қалыптастыру, қалдықтарды азайту, жауапты тұтынуға көшуді көздейді.
Freedom Fandomat – сұрыптау және одан әрі өңдеу үшін пластмасса және алюминий банкалар мен бөтелкелерді қабылдайтын алғашқы фандомат. Ол 1 мамыр Алматыда техникалық режимде іске қосылды. Панфилов көшесінің бойында, Төле би көшесінің жоғарғы жағында орналасқан. Жуырда 100 фандомат Алматы мен Астананың барлық адам көп жүретін жеріне орнатылады. Бұл – Холдинг пен Freedom Shapagat корпоративтік қорының экология саласындағы ең ірі бастамаларының бірі.
«Тәжірибе көрсеткендей, қаншалықты әдемі ұрандар мен үндеулер жасасақ та, қаржылық ынталандырусыз үлкен нәтиже болмайды. Сондықтан қалдық өткізгендердің Freedom Bank-тегі шоттарына ақша түседі. Оларды сауда жасау үшін және қайырымдылық мақсатта жұмсауға болады. Барлық процестерді сынап, кері байланыс жинау үшін бізге әлі де біраз уақыт қажет. Бірақ жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті», – деді Freedom Holding Corp. CEO директоры.
Бұған дейін Тимур Турлов қазақстандық стартапқа 1,5 млн доллар қаржы салған еді.