Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тартады
Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергетика министрліктерінің басшылары Ташкент халықаралық инвестициялық форумы шеңберінде республикалардың энергетикалық жүйелерін жүйеаралық біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Құжаттың мақсаты – Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде ынтымақтастықтың негізгі шарттарын айқындау.
«Меморандум қатысушылардың Әзербайжаннан, Қазақстаннан және Өзбекстаннан техникалық және экономикалық тұрғыдан ең оңтайлы жасыл энергия саудасын жүзеге асыра отырып, Каспий теңізінің түбіне және басқа елдердің аумағына жоғары вольтты кабель төсеу арқылы энергия жүйелерін қосу мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті екенін көрсетеді», – деп хабарлады ведомство.
Бұл ретте Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұған дейін Каспий түбіне терең су кабелін төсеудің техникалық тапсырмасының жобасы қалыптасқанын атап өтті.
«Техникалық тапсырма шеңберінде халықаралық трансмиссиялық дәліздерді (қаржыландыру, кірістер ағыны және иелік ету) дамыту және Еуропалық Одақ елдеріне жасыл энергияны сату үшін болжамды бизнес-модель әзірленетін болады», – деді Сәтқалиев.
Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда осы жобаны іске асырудың базалық тәсілдері талқыланып, келісілді. Сонымен қатар қазақстандық тарап одан әрі толыққанды өзара іс-қимылға толық дайын.
Еске сала кетсек, аталған елдер Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше. Бұл ұйымның негізін Қазақстан мен Әзербайжан қалаған еді. Ұйымның құрылғанына 15 жыл болды. ТМҰ аясындағы тауар айналымы 42,3 миллиард долларға жетті, ал түркі елдерінің әлеммен жалпы тауар айналымы шамамен 1,3 триллион доллар болды.