Жаңалықтар

Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер Алматыда өтеді

Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер Алматыда өтеді
Бұл Әзербайжан мен Армения арасындағы уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтетін Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасады.

«Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптаймын», – деді Президент

Оның айтуынша, бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар. Өйткені 1991 жылы желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы декларациясына қол қойылған еді.

«Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Армения үкіметі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзірбайжанмен келіссөздер жүргізу туралы ұсынысын қарастырып жатқаны белгілі болған.

Осыған дейін ресми Баку Әзірбайжан мен Армения СІМ басшыларының Қазақстандағы кездесуіне өз келісімін берген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнағанын қаламайтындар бар екені жасырын емес, деп мәлімдеді.