Технология саласының төресі Хуанг Дженсен туралы не білуіңіз керек?

Жарияланды
Хуанг Дженсен туралы не білуіңіз керек?/ Фото: reuters

Жыл басында Nvidia IT-компаниясы құны бойынша рекорд жасады. Капитализациясы 2 трлн долларға бағаланды. Бұл дегеніңіз тіпті Alphabet пен Amazon компанияларын басып озды деген сөз. Бір жылда құны 265 пайызға өскен Nvidia-ның басшысы кезінде қарапайым даяшы болған еді. Кейіннен алғашқы бастығының бәсекелесіне айналып шыға келді. Әңгіме тайвандық Дженсен Хуанг жайлы. Ол кім? Немен айналысады? Табысқа қалай жетті? Осы туралы айтамыз.

Тайваннан Америкаға дейін

Дженсен (Женьсюнь) Хуанг — Тайваннан шыққан бағдарламалаушы. Nvidia компаниясының негізін қалағандардың бірі, президенті әрі басты атқарушы директоры. Байлығы 77 млрд долларға бағаланып отыр. 1963 жылы Тайванда туған, балалық шағы Тайландта өткен. Вьетнамда соғыс басталып, оны ата-анасы Америкадағы туыстарына Уашиңтон штатына жібереді. Дженсеннің әкесі оған дейін АҚШ-қа барып, Carrier деген салқындатқыш шығаратын компанияның ұйымдастырған оқу бағдарламасына қатысқан. Америкадағы туыстары Хуангты жеке мектепке берудің орнына қателесіп Онейда баптистер институтына жазып жібереді. Ол Кентуккидегі ауылда орналасқан түзету мекемесі болатын. Сөйтіп Хуанг Denny’s деген жергілікті мейрамханаға ыдыс жуушы, даяшы болып қосымша жұмысқа кіреді. Соның арқасында тұйықтықтан арылып, «пісіп» шықса керек. Женьсюнь деген есімін де сол кезде америкалық атқа ұқсатып Дженсен деп өзгерткен.   

Кейіннен Орегонда отбасымен қауышып, Бивертондағы орта мектепке оқуға түседі. Тенниспен кәсіби түрде шұғылданып, профи деңгейге жетеді. Одан соң Орегон штатындағы университетке түсіп, электротехника мамандығы бойынша бакалавриатты тәмамдайды. Осы бағытта ол Стенфордтағы университеттің магистратурасында жалғастырған. Орегон штатындағы университетті аяқтаған соң 1984 жылы Хуанг технология саласында жұмыс істей бастайды. Nvidia компаниясын құрардан бірнеше жыл бұрын ол Стэнфордта оқып жүріп, кешке, демалыс күндері жұмыс істеп, қатар алып жүрген. Осылайша Стэнфордтағы академиялық орта мен оның инновациялық және кәсіпкерлік мәдениетті жақсы білгені технология саласында жұлдыз болуына әсер еткен болса керек. 

Орегон университетінің электротехникалық зертханасында жүріп болашақ жарымен танысады. Араға бес жыл салып, екеуі шаңырақ көтереді. Қазір олардың Спенсер есімді ұлы мен Мэдисон деген қызы бар. Басқа да байлар секілді Хуанг та қайырымдылықпен айналасады. Ғылымның дамуын да біршама қолдайды. Мысалы Стэнфорд университетінен инженерлік орталық ашу үшін 30 миллион доллар бөлген. Орегон университетіне де осы бағыттағы зерттеу орталығының жобасын дайындап, ашуға 50 миллион доллар берген.   

Дженсен жайлы қысқа-нұсқа деректер

1963 жылдың 17 ақпанында Женьсюнь Хуанг Тайвандағы Тайбэйде дүниеге келген;

1973 жылы Америкаға көшіп кеткен;

1984 жылы Орегон штатының университетін тәмамдап, инженер-электрик дәрежесін алып шыққан;

1992 жылы Стэнфорд университетін бітіріп, электротехника магистрі атанған;

1993 жылы — Nvidia компаниясының негізін қалаған;

2000 жылы Ernst & Young ұсынысымен «Жоғары технологиялар саласында жыл кәсіпкері» атанған;

2005 жылы Америкадағы ірі салалық бірлестік саналатын Жартылайөткізгіш өнеркәсібі қауымдастығының директорлар кеңесіне сайланған;

2017 жылы Fortune оны «Жыл бизнесмені» деп таниды; 

2021 жылы жартылайөткізгіш өнеркәсібі саласына елеулі үлес қосқаны үшін Роберт Н.Нойс сыйлығын иеленіп, Time нұсқасы бойынша әлемдегі ықпалды жүз адамның қатарына енген.

Еңбек жолы

Хуангтың алғашқы жұмыс орны — AMD. Бұл — жартылайөткізгіштер жасаумен айналысатын компания. Ол жерде Дженсен бір жылдан астам уақыттай істеген. Оның AMD-дегі қызметі компьютердің интеграл схемалардың бірінде жасалған орталық процессорының қызметін атқаратын шағын электр құрылғылары — микропроцессорлар жасау болған. Ең қызығы, қазір осы AMD мен Nvidia графика саласында болсын, оңтайландырылған деректер өңдеу орталықтарына арналған орталық процессорлар жасау саласында болсын бәсекелеске айналып отыр. Осыдан төрт жыл бұрын Хуанг басты бәсекелесін сатып алмақ болған. Бірақ келісімді реттеушілер бұғаттағаны белгілі. 

Одан соң жас маман LSI Logic компаниясына жұмысқа тұрады. Қазір бұл компания Broadcom-ға тиесілі. LSI Logic те жартылайөткізгіштер шығарумен айналысады. Өте жылдам өсіп, қарқыны күшейген компаниялардың бірі. Желілер мен өңдеу орталықтарына деректерді жеткізу жылдамдығын күшейтіп, қойма көлемін ұлғайтатын жартылайөткізгіштер жасайды. Бұл жерде Дженсон бірнеше қызметте істеп көрген. Инженерлік бөлім де, маркетиңде де команда құрамында болған. Кейіннен басқарушы қызметіне дейін өскен. Атап айтқанда, Coreware  деген кристалдар арқылы технологиялар жүйесін дамытумен айналысатын ішкі бөлімді басқарған.  

Айтқандай, Хуанг Стэнфорд университетінде оқыған. Сол жерде жүріп ол Крис Малаховский мен Кертис Приеммен танысады. Сөйтіп 1993 жылы достар бірігіп, графикалық есептеуіш технологияларды дамытамыз деп Nvidia компаниясының негізін қалайды. Есіңізде болса, Хуанг  Denny’s мейрамханасында істегенін айтқанбыз. Қызығы сол — компания ашу туралы ой дәл осы жерде тамақтанып отырған кезде келіпті.  

Nvidia қалай құрылды?

Хуанг пен оның достары Nvidia компаниясының негізін 1993 жылы қалаған. Қалтада бары — 40 мың доллар. Алдымен олар Калифорниядағы Санниуейл қаласынан шағын ғана кеңсе жалдайды. Алғашқы жылдары, әрине, жұмыс қиын да күрделі болған. Себебі компанияның жасағандарын нарық аса бағалай қоймаған. Араға үш жыл салып Хуанг жүздеген қызметкерді екі есе қысқартып, содан үнемдеген ақшаға жаңа микрочиптер жасау туралы шешімге келеді. Riva 128 видеокартасы сатылымға шыққан кездері Nvidia-ның қызметкерлерге бір айлық жалақысын ғана беруге шамасы келген екен. Бірақ шамалыдан кейін өнімге қызығушылық арта бастайды. Жұмысты әрмен қарай жалғастыру үшін Хуанг әзіл-шыны аралас «Компаниямыздың дымсыз қалуына отыз күндей уақыт бар» дейді екен. Осы арқылы қызметкерлерін жақсырақ жұмыс істеп, табысқа шығуға жетелеген. Бұл бейресми девиз күні бүгінге дейін айтылады деседі.

1999 жылы компанияның жағдайы түзеле бастайды. Сөйтіп әлемдегі алғашқы графикалық процессор (GPU) саналатын GeForce 256 жарыққа шығады. 2006 жылы Nvidia параллель есептеулерге арналған Cuda архитектурасын жасап шығарады. Ол болса, зерттеушілерге аса күрделі тапсырмаларды мыңдаған графикалық процессормен орындауға мүмкіндік берді. Осылайша графикалық процессор видеоойын саласынан тыс қолданысқа енгізілген еді. Әрі деректерді өңдеудің кез келген типіне келетіндей жасалған болатын. Міне, сол кезден бері Nvidia технологиялық секторда ойып тұрып орын алған компаниялардың бірі болып келеді.

Хуанг қандай басшы?

Жұмыста Дженсен қызметкерлерімен электрон пошта арқылы байланысқанды жақсы көреді. Күніне жүздеген қысқа хат жіберіп тұрады екен. Көпшілігі Хуанг десе, теріден тігілген байкерлердің күртешесін елестетеді. Осымен он шақты жыл бойы тұрақты түрде өнімдерін таныстыруға шыққанда сондай күртеше киіп шығады. Оған қоса иығына Nvidia деген жазуы бар татуировка салдырып алған.

Хуанг кандидатты жұмысқа аларда новатор болуға құштар адамдарды іріктеп алады екен. Компания қызметкерлерінің айтуынша, CEO жұмыстағы барлық процесті жіті бақылап отырады деседі. Тіпті жоспарларды іске асырған кезде әлдебір мәселе туындай қалса, жиналысты сол жерден үзіп тастап, орташа қызметтегі инженерді шақырып алып әлгі проблеманы шешу үшін не істеу кереін талқылап кетеді екен. «Бізде ешкім бастық емес. Біздің бастығымыз — жобамыз»,– дейді Хуангтың өзі. 

Байқасақ, Дженсен жаңа өнімдер мен жобаларды таныстырып қана қоймай, біріншілердің қатарында өзі қолданып көргенді құптайды. Айталық, 2021 жылы GTC конференциясына қатысқандар компанияның реал топ-менеджерін емес, оның дижитал көшірмесін көрген еді. Ол копия үшөлшемді виртуал орталар жасауға арналған Omniverse жүйесін таныстырған. Инженерлер Хуангтың түр-әлпетін скандап, оның 3D-моделін дайындаған. Одан соң қимыл әрекетіне, сөзіне имитация жасайтындай етіп бағдарламалап қойған болатын.

Мұның бәрі Nvidia басшысының жай басқарушы емес, кәдімгідей компанияны жанымен сүйетін адам екенін көрсетеді. Ол практикамен айналысып қоймай, электроника жасаудың экономикалық теориясын дайындаумен де айналысады. Мысалы 2018 жылы ол Мур заңына қатысты күмән-күдігі барын білдірген еді. Бұл — компьютер жұмысының өнімділігі әр екі жыл сайын бағасының 50 пайызға қымбаттағанына байланысты өседі деген идея. Хуанг болса, қазіргі чиптердің өнімділігі одан да тезірек өсіп жатқанын әрі өндіріске айтарлықтай шығын келтірмейтінін айтқан. Дженсеннің сөзіне сүйенсек, «Nvidia-ның графикалық процессорлары бес жыл бұрынғымен салыстырғанда 25 есе тез жұмыс істейтін болып кетті». Сонымен бірге Хуанг Дженсен «жартылайөткізгіштер өнеркәсібіндегі мүмкіндіктер қазір шегіне жетуге таяған. Демек есептеу тәсілін қайта өзгерту керек» деген еді.

Хуанг сенімі

Осы саладағы кәсіби мамандар Хуангтың графикалық технологиялардың ертеңіне қатты сенетіні мен алдағы 10 жылда болатын дүниелерді жан-жақты ойлайтыны компанияны қиын-қыстау кезеңнен сәтті алып шығуға көмектеседі деседі. Соның арқасында әлемдік нарықта мықтылардың қатарынан табылып отыр. Осыдан 10 шақты жыл бұрын Дженсен Хуанг жасанды интеллектілердің қарқыны дамитынын айтқан. Ndivia вице-президенті Грег Эстес бір сұхбатында «Хуанг бізге 2013 жылдары барлық күшті машинаны үйретуге салатынымызды, бұдан былай графикалық компания болмайтынымызды айтып, электрон хат таратқан еді» дейді.

2016 жылы Дженсен OpenAI зерттеу тобының DGX-1 суперкомпьютерін өз аяғымен барып әкелген екен. Нейрон желісінің сәтті жұмыс істеп жатқанын көрген бойда тапсырыс саны да арта түсіпті. Ал 2023 жылы жасанды интеллектіге керек чиптерді жасаумен айналысатын бірден-бір жеткізуші болып шыға келді. AI болашағы туралы Хуанг былай дейді: «Жасанды интеллект біздің жұмысымызды, өміріміз бен бір-бірімізбен қарым-қатынас құруымызды түбегейлі өзгертеді. Ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, денсаулық сақтау, клиенттерге қызмет көрсету салалары сияқты түрлі салада революция болады. Алдағы 10 жылда автоматизацияның көкесін көрсететін жаңа дәуірге қадам бастық».

Сондай-ақ оқыңыз