АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі қатарынан алтыншы рет базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Bloomberg басылымының жазуынша, елдегі инфляция тұрақты болып тұр. 2024 жылдың І тоқсанында тұтынушылық шығындардың өсуі жеделдеп, АҚШ экономикасының өсу қарқыны бәсеңдеген. ФРЖ инфляцияны тежеуде ілгерілеушілік болмағанын мойындағандай. Бұл ретте ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл келесі шешімде мөлшерлеменің көтерілуі екіталай екенін айтты.
АҚШ-тың негізгі пайыздық мөлшерлемелері 5,25-5,5% аралығында қалды. ФРЖ мәлімдемесінде реттеуші инфляцияның тұрақты түрде 2%-ға жақындап келе жатқанына сенімді болмайынша, мақсатты дәлізді тарылту орынсыз екені жазылған. Бұл жолғы мәлімдемеде қаңтар мен наурыздан кейін жарияланған тұжырымы қайталанады.
Реттеуші инфляцияны мақсатты 2%-ға дейін төмендетуде «бұдан әрі ілгерілеу жоқтығын» атап өтті. Сонымен бірге Ашық нарық комитеті ФРЖ балансындағы облигацияларды ұстау қарқынын бәсеңдетуге дауыс берді. 1 маусымнан ай сайын өтелетін қазынашылық бағалы қағаздар лимиті 60 млрд доллардан 25 млрд долларға дейін екі есе қысқарады.
ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл баспасөз мәслихатында, «инфляция әлі де тым жоғары» және оны төмендетуде ілгерілеу боларына кепілдік жоқ» деген. «Шектеулерді тым кеш немесе тым мардымсыз етіп алып тастау экономика мен еңбек нарығын негізсіз әлсіретуі мүмкін» деп атап өтті реттеуші басшысы.
Сонымен бірге Пауэлл ФРЖ комитетінің маусым айындағы отырысында мөлшерлеменің көтерілуі екіталай екенін айтты.
Қазіргі мөлшерлеме дәлізі 2023 жылдың шілдесінен бері өзгерген жоқ және соңғы екі онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш. The Wall Street Journal мөлшерлеменің 9 ай бойы өзгермеуі – бұл АҚШ тарихындағы ең ұзақ кезеңдердің бірі деп жазады.
АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі елдегі инфляциямен күресу үшін пайыздық мөлшерлемелерді көтерген болатын. Енді реттеуші бағаның өсу қарқынын жылына 2 пайыздық мақсатты мәнге қайтаруға ұмтылады.
Бұған дейән де FOMC мүшелері қысқа мерзімді пайыздық мөлшерлемелер бойынша дауыс беріп, базалық мөлшерлемені 5,5% деңгейінде қалдырған.