Қытайлық электромобильдер: жаһандық тренд пен автоөндірушілер жаңа үшін сынақ па?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Былтыр Қазақстанға 329 млн долларға 8 058 қытайлық көлік импортталды / Архив: kursiv.media

Соңғы жылдары Қытайда шығарылған электромобильдерді (NEV) Қазақстанның және әлем елдері жолдарында жиі көруге болады. Электрлік көліктер – қытайлық автоөндірушілер жасаған жаңа жаһандық автомобиль тренді. Бұл электромобильдердің басты артықшылығы – бағасы. Соның арқасында бір кездері халықтың көбіне «арман» болған көліктер, қазір қолжетімді дүниеге айналып отыр. Бұған нарық конъюнктурасы, технологиялардың және нарық ойыншылары стратегиясының өзгеруі себеп. Дегенмен сарапшылардың бұл нарықтың болашағына және оның әлемдік автоөнеркәсіпке әсері туралы болжамдары әр қилы. Бұл туралы Halyk Finance  талдау орталығының сарапшысы Гүлмира Камеденова жазды.

Қытай билігінің стратегиясы сәтті іске асты

ҚХР мемлекеттік кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылы «аспан асты елі» шетелге 1,54 миллион электромобиль экспорттап, 34,12 миллиард доллар табыс тапқан. Осылайша алғаш рет Жапонияны басып озды. Сарапшы Қытайдың жаһандық электромобильдер экспортындағы үлесі 2018 жылғы 4,2%-дан былтыр 35%-ға жеткенін айтады.

«Қытайдың электромобильдері Қазақстанда танымал бола бастады. Статистикаға сәйкес, 2022 жылы Қытайдан Қазақстанға 13 млн доллардың 908 автосы, 2023 жылы 329 млн доллардың 8 058 көлігі импортталды», – деді сарапшы.

Мұндай жетістіктер негізінен ҚХР үкіметі жүргізген саясаттың нәтижесі. Қытайда 30 жылда арзан тауарлар (киім, жиһаз, тұрмыстық техника) шамадан тыс өндіріліп, бұл елге айтарлықтай пайда әкелуді тоқтатты.

Табыстың кілті – баға демпингі және өндіріс

Осылайша, электромобильдер өндірісі Қытай үкіметінің жоғары технологияны дамытуға және техникалық жағынан күрделірек, қымбат өнім шығаруға бағытталған жаңа стратегиясының бір бөлігі болғаны анық.

Нарық дауын ынталандыру үшін Қытай үкіметі бес санатқа бөлуге болатын шаралар кешенін қабылдады. Атап айтқанда:

  • Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру;
  • Сатып алушыларға қаржылық қолдау көрсету;
  • Зарядтау инфрақұрылымын дамыту;
  • NEV иелері үшін басымдықтар жасау, өндірісін ынталандыру бойынша экономикалық шаралар қабылданды.

«Қытай автоөнеркәсібіне қатысты сарапшылардың пікірі әртүрлі. CNN талдаушыларының пікірінше, Қытай табысының кілті баға демпингі, артық өндіріс және дамушы елдердің (Вьетнам, Таиланд, Индонезия) нарықтарына бағытталған. Ал еуропалық өндірушілер, керісінше, қымбатырақ электромобильдер шығаруға және табысы жоғары тұтынушыларға бағытталған», – деп есептейді Гүлмира Камеденова.

Бәсекелестік артты

Қытайдың автокөлік нарығында үстемдікке ұмтылуы электромобиль өндірушілері арасында қарқынды нарықтық бәсекелестік тудырды. Осының кесірінен өткен жылы оннан астам жеңіл автокөлік өндіруші нарықтан көрінбей кетті. Олардың арасында WM Motor, Byton, Aiways және Levdeo сияқты бір кездері танымал электр көлік брендтері бар. 2023 жылдың қазан айында Mitsubishi Motors Қытайдағы бірлескен кәсіпорында көліктерін шығаруды тоқтататынын хабарлады.

Нарық ойыншыларының «шайқасы»

Қытайлық NEV-тердің америкалық және еуропалық нарықтарға кеңеюі осы елдердің үкіметтері арасында алаңдаушылық туғызуда. Бұл автолардың жылдам таралуы және Қытайдың осы нарықтағы үстемдігі әрі қауіп ретінде қарастырылады. Осыған байланысты АҚШ пен Еуропалық Одақ NEV импортына шектеу шараларын белгілеуде.

Осылайша, 2023 жылдың наурыз айында АҚШ-тың Қаржы министрлігі экологиялық таза көліктерге федералды салық жеңілдіктерін белгілеу бойынша бірқатар нұсқаулықтарды жариялады. Қағидаларға сәйкес, 2025 жылдан бастап Қытайда шығарылған электр көліктерге салықтық жеңілдіктер берілмейді.

«Дегенмен осы күндері Бейжіңде өтіп жатқан Auto China 2024 автокөлік көрмесі Қытайдың осы салада көшбасшы болуға деген табандылығын көрсетіп, белгілі неміс және жапон брендтерін артта қалдырды. Іс-шараның басты ерекшелігі қытайлық автоөндірушілер ұсынған жаңа технологиялық шешімдер болды. Онда ұсынылған 278 бренд 117 жаңа көлікті таныстырды», – деді сарапшы.

Еске сала кетсек, Haval Ресейдегі 32,2 мың автоны кері қайтарып алатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз