Палестинаны қолдауға бағытталған шерулерді тыюды көздейді: АҚШ конгресі арнайы заң жобасын қабылдады

Жарияланды (жаңартылды )
Палестинаны
АҚШ университеттерінде Палестинаны қолдауға бағытталған шерулер өтуде /Фото: архив kursiv.media

АҚШ Конгресінің төменгі палатасы соңғы күндері университеттер қалашығында жиілеп кеткен, Палестинаны қолдауға бағытталған шерулерге тыйым салу мақсатында арнайы заң жобасын қабылдады. Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлаған.

Басылымның хабарлауынша, заң жобасына 320 конгрессмен дауыс берген. 91 конгрессмен бұл бастамаға қарсы болған. Енді заң Сенатқа өтеді.

Заң жобасы америкалық заңнамада антисемитизмнің нақты сипаттамасын айқындайды. Сонымен бірге антисемитизмді қолдауға бағытталған ереуілдер өткізген университеттерді АҚШ-тың Білім министрлігі қаржыландырудан бас тарта алады. Сондай-ақ Палестина терриотриясында азаттық қозғалыстарын жүргізуге үндейтін плакаттар заң күшіне енген жағдайда антисемитизм ретінде бағаланбақ. Сонымен бірге Білім департаменті федералды зерттеу гранттарын қайтарып алып, мұндай пікір білдірген студенттерге жазалау шараларын қолданбайтын университетті қаржыландыруды тоқтатуға құқылы болмақ.

Десе де, Конгрестің бұл шешімін азаматтық бостандықты жақтаушылар сынға алған. Олар мұндай заңды қабылдау сөз және саяси көзқарас бостандығын шектеу деп есептейді.

Басылым бейсенбі, 2 мамыр күні таңертең, Лос-Анжелес полициясының офицерлері Калифорния университетінің алаңында палестиналықтарды қолдайтын наразылық шеруін ұйымдастырған ереуілдеушілерді ұстағанын жазды. Сонымен бірге Нью-Гэмпширдегі Дартмут колледжінде де осыған ұқсас жағдай болған. Онда полиция наразылыққа шыққан 90 адамды ұстаған. Оның ішінде колледж профессоры да бар.

Еске сала кетсек, өткен жылдың күзінде АҚШ еврейлері Израильден соғысты тоқтатуды талап етіп, митингіге шыққан болатын. Жүздеген еврей белсенділері Капитолийдегі Cannon House кеңсесінің ғимаратының алдына жиналды. Олар «Еврей халқы бейбітшілікке үндейді!», «Газа өмір сүрсін!» деген ұранмен келді. Олар Газадағы гуманитарлық жағдайдың тым қиындап кеткенін айтып, АҚШ Конгресінен соғысты тоқтату туралы резолюция қабылдауды талап еткен болатын. Cannon House ғимаратына басып кірген 300-ге жуық адамды АҚШ полициясы қамауға алды. 

Сондай-ақ оқыңыз