Ресей мұнайын Қытайға тасымалдағаннан Қазақстан 10 жылда 1,3 млрд доллар көлемінде табыс тапқан: келісім тағы 10 жылға ұзартылды

Жарияланды
Ресей мұнайын
2033 жылға дейін Қазақстан Ресей мұнайын тасымалдаудан 1,7 млрд доллар көлемінде табыс табуды көздеп отыр / Фото: kursiv.media

Сенат Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау туралы хаттаманы мақұлдады. Хаттамаға сәйкес 2013 жылғы жасалған келісімнің қолдану мерзімі 2034 жылға дейін ұзартылады және тасымалданатын мұнай көлемі де артпақ.

2013 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасында Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға транзиттеу туралы екіжақты келісімге  қол қойылған болатын. Ал 2014 жылдан бастап осы келісім шеңберінде Қытайға жылына 7 млн тонна ресейлік мұнай жеткізіле бастады.

Ал 2023 жылдың ақпанында «Роснефть» 10 жылдық кезеңге 100 млн тонна жеткізу туралы Қытай тарапымен келісімді ұзартқан. Соған сәйкес өткен жылдың мауысымында Санкт-Петербург қаласында Қазақстан мен Ресей екіжақты келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойған. Сенат бүгін сол хаттаманы мақұлдап отыр.

Бұл келісімге сәйкес тасымалданатын мұнай көлемі 10 млн тоннаға дейін артады. Тасымалдау құны Түймазы – Омск – Новосибирск мұнай құбырының Қазақстандық учаскесінде мұнай тасымалдау тарифі 2,1 доллар болып белгіленген. Ал толығымен Қазақстан аумағы бойынша тасымалданатын мұнай тарифі тоннасына 15 доллар көлемінде бекітілген.

«Бұл ретте Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын қайтару мақсаты үшін мұнайды тасымалдау бағыты бойынша тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастырады. Нәтижесінде, тараптар Қазақстан тарапымен төлемге тапсырма берілген күнге АҚШ долларының теңгеге бағамын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген теңгеге АҚШ доллары бағамын қолдануға келісті»,- дейді депутат Сүйіндік Алдашев.

Сонымен бірге депутат Қазақстан тарапының мұнай тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салатынын, салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын қайтару мақсаты үшін мұнайды тасымалдау бағыты бойынша тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастыратынын айтты.

Ал төлем жүргізу тапсырыс берілген күнге АҚШ долларының теңгеге бағамын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген теңгеге АҚШ доллары бағамын қолдана отырып жүзеге асырылады.

Депутат Серік Шайдаров 10 жылда Қазақстанның ресейлік мұнайды тасымалдағаннан түсірген пайдасына тоқталды. Айтуынша, Қазақстан 2033 жылға дейін 1,7 млрд доллар көлемінде табыс табады.

«2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына жалпы транзиті 90.899.271 тоннаны құрады. Жалпы түсім 1 млрд 327 млн АҚШ долларын немесе 501 млрд 981 млн 476 065  теңгені құрады. 2024 жылдан 2033 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына Ресей мұнайының транзиті үшін екі учаске бойынша күтілетін түсім 1 млрд 710 млн АҚШ долларын құрайды»,- дейді депутат.

Айта кетейік, Мәжіліс Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізу туралы хаттаманы 27 наурыз күні ратификациялаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз