Бишімбаевтың анасы қылмыстық іс бойынша ойын айтты
Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова сөйледі. Ол – қылмыстық іс бойынша ұлының қоғамдық қорғаушысы.
Альмира Нұрлыбекова сөзін Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұраудан бастады. Айтуынша, Бишімбаев жазаға лайық, бірақ оған жасаған әрекет негізінде жаза беру қажет деген пікірде.
«Қуандық жазаға лайық, бірақ ол істеген ісіне сәйкес жаза алуы керек. Жәбірленуші тарап өз сөзінде менің ұлымды қоғам паразиті, «Ескі Қазақстанның» адамы деп атап, Қазақстанды кейінгі 30 жылдан астам уақыт басқарған барлық шенеунік үшін жазаға тартылуы керек екенін айтты. Қоғамның барлық күнәсі мен қиындығын бір адамға, менің ұлыма артпауды сұраймын», – деді Бишімбаевтың анасы.
Ол өзінің Салтанат Нүкеновамен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтып өтті.
«Біз ұлымыздың сүйікті, қамқор әйелі болады, екеуі бірге берік отбасын құрады деп үміттендік. Өмірдегі қиындықтарынан кейін ол (Бишімбаев – ред.) күлімсірей бастады, бақытты болды. Ол Салтанатты жақсы көрді, оған бәріміз куә болдық. Біздің отбасымыз Салтанатты жақсы қабылдады. Олардың қарым-қатынасына қуандық. Салтанат екеуміздің қарым-қатынасамыз да жақсы болды. Көп әңгімелесіп, талқылайтынбыз. Оны барлық жағынан қолдауға тырыстым. Оған ылғи біздің отбасыдағы жағдай әйелге байланысты екенін айтып отырдым. Ақылды, мейірімді, жанжалдан аулақ болуы керек, сонда отбасымызда бәрі жақсы болады (дедім- ред.)», – дейді Бишімбаевтың анасы.
Ол сондай-ақ ұлының әрекетін ақтамайтынын, дей тұрғанмен соңына дейін ұлын қорғайтынын айтып өтті.
«Оның (Салтанат Нүкенованы – ред.) өлтіруге ешқандай себебі болмаған деп санаймын. Әйелге қол көтеруге болмайды. Шапалақпен ұруға да болмайды. Қол көтергені үшін, агрессия мен шыдамсыздық танытқаны үшін жазасын алсын, бірақ ол кісіні әдейі өлтірген жоқ», – деді Альмира Нұрлыбекова.
Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. 2024 жылдың 3 мамырында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов тараптардың жарыссөзі барысында марқұм Салтанат Нүкенованың неден қайтыс болғанына қатысты қорғау тарапының нұсқасын айтты.
Қылмыстық іске қатысты тараптардың жарыссөзі кеше, 2 мамыр күні, басталған. Бірінші болып мемлекеттік айыптаушы сөз алып, Бишімбаев пен Байжанов айғақтарды жасыруға тырысқанын, тіпті Нүкенованың мәйітінен құтылмақ болғанын айтты. Содан кейін айыптаушы тарап сөз алды.