«ҚазТрансГаз Аймақ» 2023 жылы тапқан 3,5 млрд теңге таза пайдасынан дивиденд төлемейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

QazaqGaz ұлттық газ компаниясының еншілес ұйымы – «ҚазТрансГаз Аймақ» 2023 жылы тапқан 3,5 млрд теңге таза пайдасынан дивиденд төлемейді. Жалғыз акционердің шешімі Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған.

Таза пайда толығымен «ҚазТрансГаз Аймақтың» иелігінде қалады. Бұл қаржы инвестициялық бағдарлама аясында бекітілген міндеттемелерді орындауға және биллингтік компаниялар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалмақ.

«Бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша, сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның биллингтік компаниялар алдындағы міндеттемелерді орындау мақсатында «ҚазТрансгаз Аймақ» АҚ-ның 2023 жылғы 3 514 787 000 теңге мөшерінде таза кірісі компания иелігінде қалдырылсын»,- делінген компания хабарламасында.

Сонымен қатар акционерлер компанияның қаржы есебін бекіткен. 2023 жылдың толық қаржы есебі әлі жарияланбаған.

Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» заңына сәйкес, «ҚазТрансГаз Аймақ» табиғи монополия өкілі ретінде «ҚазТрансГаз Аймақ» инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға міндетті. Мұндай инвестициялық бағдарламаны Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді.

2023 жылдың 9 айындағы қаржы есебіне сүйенсек, «ҚазтранГаз Аймақтың» 2023-2027 жылдарға бекітілген инвестбағдарлама аясындағы міндеттемесі 34,7 млрд теңгені құрайды. 2022 жылдың соңында бұл сома 38,1 млрд теңгені құраған.

«ҚазТрансГаз Аймақ» 2002 жылы құрылған. Жалғыз акционері – QazaqGaz ұлттық газ компаниясы. Ал QazaqGaz толықтай «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі.

Компанияның негізгі қызметі – тауарлық газды халыққа жеткізу, газ өткізу, газ құбырларына қызмет көрсету. Оның Қазақстан бойынша 14 филиалы бар. Бұған дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» тұтынушыларына негізсіз есептелген 1,2 млрд теңге қайтарылатыны хабарланды.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті  «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалдарының қызметін тексерген. Нәтижесінде оның қызметіне жатпайтын қосымша талаптарды белгілеп, кесу, пломбалау және газды бастапқы іске қосу қызметтері үшін тұтынушылардан ақы алған. Осы қызметтер үшін негізсіз есептелген сома шамамен 1,2 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз