«ҚазМұнайГаз» бен ресейлік «Лукойл» Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарына қанша инвестиция салатыны 2025 жылы шешіледі
«Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарына қатысты соңғы инвестициялық шешім 2025 жылы қабылданбақ. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының алдын ала есебі бойынша, 6,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет. Нақты шешімді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы серіктесі – ресейлік «Лукойлмен» бірлесіп шығарады.
ҚМГ есебіне сәйкес, 2024 жылдың ішінде 3-ші фаза аясында мердігер компанияны таңдау нәтижесі бойынша Базалық жобалауды (FEED Engineering) іске асырып, жыл соңына дейін оны аяқтау көзделген.
Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындары
Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орны сәйкесінше 2002, 2007 және 2008 жылдары ашылған. Өнім беретін көкжиектердің орналасқан тереңдігі – теңіз түбінен 1 500-2 000 метр төмен.
Мұнай кен орындары Ақтау қаласынан 60 км қашықтықта орналасқан. Олар Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан стратегиялық учаскелер саналады.
2018 жылы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына және көмірсутек саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалануға құқығын беру үшін көмірсутекті барлау мен өндіруге арналған жер қойнауы учаскелері аумақтарының тізбесіне енгізілген.
Жағаға дейінгі қашықтығы – 60 км, тереңдігі – 7-9 метр. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 3-4 млн тонна болады деп күтілуде. Кен орындарын игеру құны шамамен 6,4 млрд долларды құрайды. Жиынтықты игеру қоры 48,5 млн тонна мұнай және 19 млрд текше метр газ деңгейінде бағаланады. Өндірудің ең жоғары деңгейіне шығу мерзімі – кемінде 5 жыл.
2023 жылы Kalamkas-Khazar Operating ЖШС-нің 50 пайыз үлесі «Лукойлға» сатылды
2023 жылы 7 ақпанда бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында Kalamkas-Khazar Operating ЖШС (ККО) құрылған. Компания құрылғаннан 2 күннен кейін, 9 ақпанда жобаға «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ-ның кіруі бойынша келісімдерге қол қойылған.
ККО былтыр наурыз айында жер қойнауын пайдалану құқығына 100 пайыз ие болады. Сосын ресейлік «Лукойл» ЖАҚ «ҚазМұнайГаздан» Kalamkas Khazar Operating компаниясының 50% үлесін 200 млн долларға сатып алған.
ККО былтыр қыркүйек айында қайта тіркеуден өтіп, ҚМГ-ның меншігінен толық шықты. Сондай-ақ жобаның белгілі бір шарттары орындалса (олар жария етілмеген) 100 млн доллар көлемінде қосымша бонус төленбек.
Қазіргі кезде теңізде және құрлықта инженерлік-геологиялық зерттеу, өндірістік-экологиялық мониторинг, 3D сейсмикалық деректерді өңдеу және зерделеу жұмысы жүріп жатыр.
Жоба операторы – «Қаламқас-Хазар Оперейтинг» компаниясының 2023 жылдың 1 қаңтарынан бақылауды жоғалтқан күнге дейінгі таза шығыны 233 миллион теңгені, қаржылық кірісі 7 миллион теңгені құрайды. Жалпы және әкімшілік шығындар 108 миллион теңгеге жетті. Активтері – 20,5 млрд теңге, міндеттемелері 6 млрд теңгені құраған.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Құдайбергенов жобаның 50 пайыздық үлесі не себепті «Лукойлға» сатылғанын түсіндіріп берді.