QazaqGaz ұлттық компаниясы «Самұрық-Қазына» қорына 22,8 млрд теңге дивиденд төледі
«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» 2023 жылға қарапайым акциялар бойынша 22,8 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл туралы KASE-де орналастырылған хабарламада жазылған.
«Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ KASE-ге 2023 жылға қарапайым акциялар бойынша жалғыз акционерге жалпы сомасы 22 809 826 806,12 теңге көлемінде дивидендтер төленгені туралы хабарлады», – делінген ақпаратта.
Бір қарапайым акция үшін 60,89 теңге дивиденд төленген. Былтыр QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге төлеген еді. Бұл 2022 жылы тапқан 386,6 млрд теңге таза пайданың 7%-ын құрайды.
QazaqGaz Ұлттық компаниясы 2023 жылы 325,8 млрд теңге шоғырландырылған таза пайда тапқан. Ал таза табысының қалған бөлігі – 303,04 млрд теңгесі бөлінбеген күйде қалдырылған.
Компанияның 2023 жылы тапқан табысы 2022 жылғы көрсеткіштен 60,7 млрд теңгеге кем. Аудиторлық есепте 2023 жылғы кірісінің азаюына Өзбекстаннан Ресейге ортаазиялық газдың транзиті тоқтауы себеп болғаны жазылған. Компания Орта Азия елдері өнімін солтүстіктегі көршіге жеткізіп отырған.
Дегенмен 2023 жылы топ Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау туралы келісімге қол қойған. Сонымен қатар ішкі нарықтағы дефицитті жабу үшін Ресейден газ сатып алынған. Нәтижесінде Ресей газы 2023 сатып алынған газдың 35 %-ын құраған.
«QazaqGaz» АҚ төрағасы Санжар Жаркешов бұған дейін компанияның 1 млрд доллар қарызы бар екенін айтқан.
«QazaqGaz Ұлттық компаниясы» – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін негізгі газ компаниясы.
2023 жылдың мамырында компания басшысы компания ішкі нарықты субсидиялау салдарынан жыл сайын 180 млрд теңге жоғалтып отырғанын мәлімдеген. QazaqGaz өзіндік құны 24-25 теңгеге тең 1 текше метр газды ішкі нарыққа 15 теңгеден сатуға мәжбүр. Сонда әр текше метр газдан 11 теңге жоғалтып отыр.
Ұлттық экономика министрлігі QazaqGaz компаниясы Үкіметтің 2025 жылға дейінгі жекешелендіру жоспарында қалатынын мәлімдеді. Ол жоспар бойынша 2025 жылы IPO-ға шығарылуы тиіс. Компания IPO-ға шығар алдында тариф саясатын нақтылап алуы керек