Qarmet Костенко шахтасындағы ақаудың себебін түсіндірді
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында ақаудың себебін түсіндірді.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 2 мамырда компанияның көмір департаментіне қарасты Костенко шахтасының К3 қабатының 4 конвейерлік штрегінде түтін тараған. Түтіннің шығуына төменгі кенептің ролигіне бөгде заттың қысылғаны себеп болған. Осының салдарынан ролик тежеліп қалып, лента үйкеліп, түтін шыққан.
«Конвейерлік трассалар учаскесінің электр слесарі Айбар Қосановтың күшімен алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалана отырып, түтін ошағы жойылды. Оқиға туралы шахтер хабарлаған сәтте шахтаның диспетчерлік бөлмесіне түтін туралы хабарлау жүйесі қосымша іске қосылды», – делінген хабарламада.
Сағат 19:45-те датчиктің сигналына байланысты түтін жойылғанымен, эвакуациялау жоспарын енгізу және басқа жерлерде жұмыс істеп жатқан 194 кеншіні шахтадан шығару туралы шешім қабылданған.
Мән-жай толық анықталғаннан кейін, 4 ауысымның жұмысын қайта бастау туралы шешім қабылданған.
Айта кетейік, Қарағандыда Костенко атындағы шахтада К3 қабатының 4-конвейер кен орнынада түтін шыққаны туралы ақпарат кеше, 2 мамырда, пайда болған. Бірақ шахтада ақау дер кезінде жойылып, жұмысшылар өрттен аман қалған.
Еске сала кетсек, 28 қазанда «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.
Бұл қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болды.
Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.