Су тасқынынан зардап шеккендер коммуналдық төлемдерді кейінірек төлей алады
Үкімет су тасқынынан зардап шеккен аймақ тұрғындарына коммуналдық төлемдерді кейінірек төлеуге мүмкіндік береді.
«Еліміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны жағдайына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жалғасуда. Зардап шеккен қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсетілуде. ҚР Үкіметі тұтынушылардың коммуналдық төлемдерін төлеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрігінің баспасөз қызметі.
Дәлірек айтсақ, тұтынушылар наурыз және сәуір айларының коммуналдық төлемдерін кейін өсімпұлсыз төлей алады.
Су тасқынынан зардап шеккен тұтынушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Бұл тізімдер коммуналдық кәсіпорындарға жіберіліп, олар коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру бойынша тиісті шараларды қабылдайды.
Сұрақтар туындаған жағдайда тұтынушылар өз өңірлеріндегі экономика департаментіне хабарласа алады:
- Ақмола облысы: 8 (7162) 50-43-27;
- Ақтөбе облысы: 8 (7132) 55-73-60;
- Атырау облысы: 8(7122)21-10-42;
- Батыс Қазақстан облысы: 8(7112) 25-13-25;
- Қарағанды облысы: 8(7212) 41-52-96;
- Қостанай облысы: 8(7142) 53-52-40;
- Павлодар облысы: 8(7182) 32-12-04;
- Солтүстік Қазақстан облысы: 8(7152) 53-42-56;
- Ұлытау облысы: 8(7102)76-03-91.
Бұған дейін банктердің су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегеретіні хабарланған.
Мәжіліс депутаттары шаруалардың несиесін төлеуді 3 жылға кейін шегеруді ұсынды. Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат Мақсат Толықбай елдегі су тасқыны бойынша қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бірнеше ұсыныс айтқан.