Ауғанстан, Қазақстан және Түркіменстан Герат провинциясында логистикалық хаб салуды жоспарлап отыр – Reuters
Ауғанстан, Қазақстан және Түркіменстан аймақтық сауданы дамыту мақсатында Ауғанстанның Герат провинциясында ірі логистикалық хаб салу туралы келісімге келді. Бұл туралы «Талибан» радикалды қозғалысының Индустрия және сауда министрі міндетін атқарушы Нуруддин Азизи Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Аталған хабты салу туралы келісімге Ауғанстан, Қазақстан және Түркіменстан Кабулда бірлескен консультациялардан кейін өткен келіссөздер кезінде келген. Келіссөздер алты айға созылған. Екі айдан кейін тараптар келісім жобасын дайындайды.
«Герат провинциясында Ауғанстан, Қазақстан және Түрікменстан инвестицияларымен Солтүстік-Оңтүстік Азия дәлізінің сауда жолдарының қиылысында логистикалық хаб салынады», – деді Азизи.
Оның айтуынша, осы орталық арқылы Ауғанстанның батысындағы Ресей мұнайын Пәкістанға және басқа Оңтүстік Азия елдеріне жеткізе алады.
«Герат көлік торабы арқылы көмірсутегі шикізатының бастапқы жылдық айналымы 1 млн тоннаға жетуі мүмкін», – деді Ауғанстан өкілі.
Еске сала кетсек, Қазақстан Ауғанстанға астық пен ұн экспортын арттыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Бейнеу терминалының қуаты пайдаланылмақ. Терминалдың қуаттылығы айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн және 3 мың тоннаға дейін құрама жем жөнелтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 987,9 млн долларды құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары (474,3 млн доллар). Бұл көрсеткіштің шамамен 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі.