Жаңалықтар

Қазақстанда бюджет шығыстарының төрттен бірі мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалады – Қаржыгерлер қауымдастығы

Бюджет шығыстары
Бюджет шығыстары артты, салық түсімдері қысқарды / Фото: shutterstock

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бағалауынша, Қазақстан бюджетінің барлық шығыстарының төрттен бірі мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалады.

Сарапшылар бірінші тоқсанда салық түсімдерінің (-2,5%) және жиынтық түсімдердің (-1,8%) азайғанын айтады. Алайда жиынтық бюджеттің шығыстары 16,7% өсті.

Салық түсімдерінің төмендеуіне не әсер етті?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, республикалық бюджетке Қосылған құн салығының -157 млрд теңгеге, кедендік төлемдердің – 161 млрд теңгеге және Корпоративтік табыс салығы – 289 млрд теңгеге төмендеді. Жалпы бірінші тоқсанда жылдық салық жинау жоспары 19,9%-ға орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 23% еді. Ұлттық қордан аударылған трансферттердің көлемі 1,45 трлн теңгені немесе жылдық жоспардың 40,3%-ын құрады.

Сарапшылар Қазақстанның мемлекеттік қарызының құрылымын теңгерімсіз деп есептейді

«2024-2025 жылдары Қаржы министрлігіне еурооблигациялардың қомақты көлемін өтеуге тура келеді. Бұл шығыстардың күрт өзгеруіне әкеледі. Осы мақсаттағы шығыстардың үлесі 2023 жылғы сәйкес кезеңдегі 15%-ға қарсы барлық шығыстардың 26%-ға дейін өсті. Бұл валюта нарығына қысым көрсетуі мүмкін», – деп хабарлады Қауымдастық.

Мамандардың пайымынша, бюджеттік жоспарды іске асыруға мұнай бағасының қымбаттауы (қазір барреліне 87,5 доллар, бюджетте бір баррель үшін 80 доллар), кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту шаралары, сондай-ақ көлеңкелі экономика үлесін одан әрі қысқарту ықпал етуі мүмкін.

«Сонымен бірге, шикізатқа жоғары бағаны сақтай отырып, «Теңіздегі» өндірісті кеңейту аясында елде мұнай өндіруді 2023 жылғы 90 млн тоннадан 2025 жылы болжамға сай барреліне 103,3 млн тоннаға дейін күрт ұлғайту бюджет балансын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді», – деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, елде бюджет шығысы қайта қаралады. Қазір шығыстарға талдау жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, бюджеттің түрлі форум мен іссапар сынды «өнімсіз» шығыстары қысқартылмақ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеген еді.