Ресейден экспортталатын электр энергиясының жартысына жуығын Қазақстан сатып алды
Биыл І тоқсанда Ресей сатқан электр энергиясының жартысына жуығын Қазақстан сатып алды. Бұл туралы ресейлік «Коммерсант» басылымы хабарлады.
Қазақстанда электр қуаты неге тапшы?
«Қытайға жеткізілімдердің төмендеуіне байланысты Қазақстан Ресей электр энергиясының негізгі сатып алушысына айналды. Қаңтар-наурызда республикаға жеткізілім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға өсіп, 977,2 млн кВт/сағ құрады. Бұл Ресей Федерациясынан электр экспортының 50%-ға жуығын құрады. Сарапшылар атталған тенденция жалғасады деп есептейді. Бұл Қазақстанда энергия тұтынудың артуы мен өндіруші қуаттардың тозуына байланысты электр қуатының тапшылығын тудырады», – деп жазады басылым.
Ресейлік электр қуатын экспорттаушы жалғыз компания – «Интер РАО» мәліметі бойынша, Ресей Федерациясы бірінші тоқсанда 2,065 млрд кВт/сағ қуат экспорттаған. Яғни Қазақстан биылғы жылы ресейлік электр энергиясының жартысына жуығын сатып алған. Көрші елден электр энергиясын жеткізудің максималды көлемі жылдың ең суық айы – қаңтарда тіркелді. Ол 354 млн кВт/сағ құрады. Ал наурызда көрсеткіш 280 млн кВт/сағ-қа дейін төмендеді.
Тариф ай сайын өзгеріп отырады
Мақалаға сүйенсек, Қазақстанда қаңтар-наурызда электр энергиясын жалпы тұтыну 32,2 млрд кВт/сағ-тан асты. Осылайша, республика сұраныстың 3%-ға жуығын ресейлік электр энергиясымен қамтамасыз етті. «СКМ Маркет Предиктор» сарапшыларының бағалауынша, Ресей Федерациясынан Қазақстанға электр энергиясын жеткізудің жоспардан жоғары құны қаңтарда бір кВт/сағ үшін 20,2 теңгені (шамамен 4,2 рубль), ақпанда 16 теңгені (3,3 рубль) және наурызда 14,8 теңгені (3 рубль) құрады.
Аталған елден қаңтар және ақпан айларында жоспардан тыс импорт бағасы Қазақстан бойынша көтерме электр энергиясының орташа айлық бағасынан жоғары. Бірақ наурызда қазақстандық баға импорттан жоғары болды.
«СКМ Маркет Предиктор» мамандары бірінші тоқсанда Қазақстанның электр энергиясы нарығының жалпы көлемін 502 млрд теңгеге (103 миллиард рубль) бағалады. «Интер РАО» компанияның барлық экспорттан түскен кірісі бірінші тоқсанда 29,1%-ға өсті. Осылайша 6,8 млрд рубльге жеткен. Сарапшылар бұл бірінші кезекте Қазақстанға импорт есебінен тіркелді деген тоқтамға келген.
Ресейден электр энергиясы экспортының жалпы көлемі 20,2%-ға төмендеді
Қазақстанға экспорттың ұлғаюына қарамастан, үш айда Ресейден электр энергиясы экспортының жалпы көлемі 20,2%-ға төмендеді. Оған Қытайдағы ең үлкен желінің істен шығуы себеп.
Қытай кедендік статистикасы бойынша, қаңтар-наурызда Ресей Федерациясынан Қытайға электр энергиясының экспорты өткен жылмен салыстырғанда 76% қысқарып, 238,4 миллион кВт/сағ құрады.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Ресей Федерациясынан электр энергиясын сатып алу көлемін ұлғайтты. Бұл ретте электр энергиясының құны да арта түсті. Қазақстан электр энергиясының көп бөлігін Ресей Федерациясының еуропалық бөлігінен алады. Ал аз бөлігін Сібірден импорттайды.