«Жазықсыз жазаламауды сұраймын»: Байжановтың әйелі сотта сөйледі
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз жалғасып жатыр. 3 мамырдағы сот отырысында Бақытжан Байжановтың әйелі Айнұр Көлдеева сөйлеп, 7 айлық сәбиі бар екенін айтты.
«Қандай жағдай болса да әйелге қол көтеруге түбегейлі қарсымын. Адам өлтіру – өте қорқынышты жағдай. Бақытжанмен (Байжанов – ред.) 2016 жылдан бері заңды некедемін, екі ұл, 7 айлық қызымыз бар. Ұлым әкесінің қайда, не істеп жүргенін білмейді. Бақытжан екеуміз осы уақытқа дейін бір-бірімізге дауыс көтеріп, ренжіскен емеспіз. Бақытжан – өте тәрбиелі, иманды, қамқор, жұмысына адал. Қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Ол сол күні Салтанаттың қиын жағдайда екенін түсінбеді, ағасының айтқанына сеніп, «ұйықтап жатыр» деп жүре берді. Бишімбаев – үлкен ағасы, әрі жұмыс берушісі. Менің ойымша, жұмысшы бастығының айтқанын ешқандай сұрақсыз орындайды. Бақытжанның аңқаулығы, ағасына деген аса құрметі, Салтанаттың жалаңаш түріне аса мән беріп қарамауы… Сондықтан жазықсыз жазаламауды өтініп сұраймын», – дейді Байжановтың әйелі.
Ол күйеуінің қателігі ретінде дер кезінде Салтанатқа көмек бермегенін, жәдел жәрдемге ертерек хабарласпағанын және бейқамдық танытқанын айтып өтті.
«Күйеуімнің орнында кез келген адам болуы мүмкін. Бұл біздің отбасымызға берілген үлкен сынақ. Жолдасым ағасының айтқандарын істеп, мән бермей, әрі білмей жасаған қателігі үшін кешірім сұраймыз. Бұл сотта тек Бақытжанның емес, біздің отбасымыздың тағдыры шешіледі. Балаларымыздың әкесіне деген шексіз махаббатынан айырмауларыңызды сұраймын», – деді.
Ал жарыссөзде Қуандық Бишімбаев Байжановтың мүлде кінәсі жоқ екенін айтты.
«Оның (Байжанов – ред.) мүлде қатысы жоқ. Ешқандай сөз байласу болған жоқ. Оның мүлде кінәсі жоқ. Ол бұл жерде менің тапсырмамды орындағаны үшін отыр», – деді Бишімбаев.
Еске сала кетсек, Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. 2024 жылдың 3 мамырында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов тараптардың жарыссөзі барысында марқұм Салтанат Нүкенованың неден қайтыс болғанына қатысты қорғау тарапының нұсқасын айтты.
Бұған дейін Бишімбаевтың анасы қылмыстық іс бойынша ойын айтты.
Қылмыстық іске қатысты тараптардың жарыссөзі кеше, 2 мамыр күні, басталған. Бірінші болып мемлекеттік айыптаушы сөз алып, Бишімбаев пен Байжанов айғақтарды жасыруға тырысқанын, тіпті Нүкенованың мәйітінен құтылмақ болғанын айтты. Содан кейін жәбірленуші тарап сөз алды.