2025 жылы МӘМС жарнасы ең төменгі жалақы мөлшерінен 50 есеге дейін артады – Денсаулық министрлігі
2025 жылдан бастап МӘМС жарнасы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінен 50 есеге дейін артады. Бұл жайлы «Курсивке» Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап жоғарғы шекті ЕТЖ мөлшерінен 10-нан 50 есеге дейін арттыруды ұсынды. Зейнетақы жүйесі де осы қағида бойынша жұмыс істейді, онда жоғарғы шегі ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерін құрайды»,- делінген министрлік жауабында.
Министрлік хабарлауынша, бұл өзгеріс жалақысы 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9%-ына әсер етуі мүмкін. Ал қалған жұмысшылардың 91%-ы үшін ештеңе өзгермейді.
Қазіргі МӘМС-тің қазақстандық моделінде қаражатты регрессивті бөлу қолданылады екен. Яғни табыс неғұрлым аз болса, кірістің пайыздық үлесі соғұрлым жоғары болмақ.
«Әділ жүйеде табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдардан артық төлемеуі керек. Сондықтан ұсынылып отырған норма – жоғарғы шекті 50 ЕТЖ-ға дейін ұлғайтуды көздейді және денсаулық шығыстары үшін жауапкершілікті неғұрлым әділ бөлуді көздейді», – деп түсіндіреді министрлік.
Бұлайша жарна көлемінің артуы денсаулық сақтау шығыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Соған сай медициналық қызметтер де қолжетімді бола түседі.
Министрлік мәліметінше бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесі әлі де жеткілікті қаржыландырылмай жатыр. Бұл жалпы медициналық көмекті ұйымдастыруға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ жалпы денсаулық сақтау жүйесі мен МӘМС-тің қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп отырғанын айтады.
Жарнаны кім қалай төлейді?
Қазір орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайтын қызметкерлер МӘМС-ке 6 мың теңге жарна төлейді екен.
Егер 1,5 млн теңге кіріс кіретін жағдайда, бұл орташа еңбекақыдан 5 есе жоғары дегенді білдіреді. Мұндайда 10 ЕТЖ (850 мың теңге) көлемінде жоғарғы шек іске қосылады. Нәтижесінде жарна 17 мың теңге немесе кірістің 1,1%-ы көлемінде болады.
Ал 3 млн теңге кіріс кіретін азаматтардың жалақысы орташа еңбекақыдан 10 есе жоғары. Олардың МӘМС-ке төлейтін жарнасы сол – 17 мың теңге немесе кірістің 0,6% мөлшерінде қала береді.
Өзгерістен кейін табысы 4 млн 250 мың теңгеден асатын 2,3 мың қызметкер үшін МӘМС-ке жарналар бес есе артады. Бұл елдегі барлық жалдамалы жұмысшының 0,04% құрайды. Мұндайда 2024 жылға арналған ЕТЖ көлемі есепке алынып жоғарғы шек 4,2 млн теңгені құрайды. Яғни кіріс жоғары болған сайын, жауапкершілік те жоғарылайды.
МӘМС-ке түсетін қаражат қалай қадағаланады?
Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС жүйесін сынға алған болатын. Министрліктен бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін қандай шаралар атқарылып, қандай тетіктер ұсынатынын сұрадық.
«Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі, яғни тікелей Қорға түспейді. Сондықтан да олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды. Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді», – деп жауап берді министрлік.
Сонымен бірге қордың мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарды медициналық сақтандырумен қамту жөніндегі жұмыстар атқарып жатқаны айтылды. Өз кезегінде медициналық сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмек көрсету мақсатында бірқатар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер әзірленген. Оған сәйкес азаматтардың жекелеген санаттары үшін МӘМС-ке жарнаны облыстардың, республикалық маңыздағы қалалар мен елорда әкімдіктерінің қаражаттары есебінен төлеу көзделген.
Сонымен бірге осыған дейін Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС – екі медициналық пакет бойынша төлем жүргізіліп келген. Ал 2026 жылдан бастап екі пакетті біріктіріп, Бірыңғай пакет жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
«Қордың өз ішіндегі мониторинг және постмониторинг жүйесіне тәсілдер өзгертілуде. МӘМС-ті жетілдіру және жақсарту мақсаттарында, Қор 2024 жылы «Е-Денсаулық» базасында медициналық көмектің бірыңғай төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Аталған жүйе медициналық қызметтерді алғандығын науқастардың өздері QR-растауды қарастырады. Бұл қазірдің өзінде қосып жазу мәселесін болғызбай, жүйені қаржылық жағынан одан сайын ашық етпек.
2023 жылы Қорға қанша қаражат түсті?
Сонымен бірге біз Қорға республикалық бюджеттен дұрыс қаражат бөлінбеу себебін де сұрадық. Оған министрлік келесідей жауап берді:
«Республиқалық бюджеттің жеткізілген лимиті шегінде 2024 жылға aрналған бюджетте нормаларды төлеуден босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарына 541,3 млрд теңге қарастырылған. Ол 2023 жылмен саластырғанда 38 пайызға артқан. Бұл қаражат мүмкіндігіне орай медианалық жалақымен есептелген», – деп жазылған министрлік берген жауапта.
Министрлік мәліметінше 2023 жылы МӘМС жүйесіне 1 210 млрд теңге сомасына жарналар мен аударымдар түскен. Оның ішінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңында бекітілген Қорға жарна төлеуден босатылған Қазақстан азаматтары үшін мемлекеттен түскен жарналар 392,5 млрд теңгені құрайды, ал жұмыс берушілер мен қызметкерлерден 816 млрд теңге қаражат түскен.
Жиналған бұл қаражаттың шамамен 1,33 пайызын қор өз мақсаттарына пайдаланады. Мәселен, 2023 жылы 15 млрд теңгеге жуық қаражат қорды ұстауға жұмсалған.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес Қор өз қызметін инвестициялық қызметтен түсетін түсімдерді шегергендегі қор активтерінен алынатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады. 2023 жылға комиссиялық сыйақы ҚР Үкіметінің 31.05.2023 ж. №424 қаулысымен бекітілген – 1,33%-дан аспайды. 2023 жылы Қорды ұстауға жұмсалған шығыстар 14,7 млрд. теңгені құрады»,– деп мәлімдеген министрлік.
Еске сала кетсек, осыған дейін депутат Асхат Аймағамбетов министрліктің МӘМС жарнасын өсіруіне өз қарсылығын білдірді. Ол Қордың жарна көлемін ұзарту жөніндегі бастамасына мемлекеттің қор алдындағы өз міндеттемелерін орындамауы себеп болып отырғанын айтты.