Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру 2026 жылы тоқтай ма - Цифрлық даму министрлігі жауап берді

Жарияланды
Протон-М
Байқоңыр ғарыш айлағынан улы зымыран отынын пайдаланатын «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру 2026 жылы тоқтайды / Фото: kursiv.media

Байқоңырдан өте улы зымыран отынын пайдаланатын «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру 2026 жылы тоқтауы мүмкін. Бірақ Ресей тарапы аталмыш зымыран тасығыштарды ұшыруды ұзарту туралы ұсыныс білдірген. Бұл жайлы «Курсивке» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, 2023 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі мен «Роскосмос» ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясының кездесуі барысында ресейлік тарап 2025 жылдан кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан бұл зымыран тасығыштарын ұшыруды одан әрі жалғастыру туралы ұсыныс айтқан.

Алайда Қазақстан тарапы экологиялық жағдайды ескеріп, зымыран тасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңімен тоқтату туралы шешім қабылдаған.

«2014 жылы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы Қазақстан Республикасының қоршаған ортаға экологиялық жүктемесін азайту мақсатында 2016 жылдан бастап «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды кезең-кезеңімен қысқартуды 2026 жылға дейін аяқтау туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге осы шешімге сәйкес, «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды қысқарту аталған зымыран тасығыштың «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жүзеге асырылатын ғарыш аппараттарын ұшыруды Ресей Федерациясының аумағында құрылған ғарыштық зымыран жүйелеріне кезең-кезеңімен ауыстыру арқылы жүзеге асырылады»,- делінген жауапта.

Министрлік хабарлауынша, негізінен ауыр класты «Протон-М» зымыран тасығышының ұшу тарихы жақсы. Осы зымыран тасығыштың көмегімен «Мир» халықаралық ғарыш станциясы және басқа ғарыштық жобалар жүзеге асырылған. «Протон-М» зымыран тасығыштарын пайдалануды жалғастыру «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметін және ондағы жұмыс орындарының санын сақтауға көмектеседі. Алайда мұның кемшін тұстары да бар.

«Осы тұрғыдан алғанда «Протон-М» зымыран тасығышының жұмысын жалғастыруды тиімді деп санауға болады. Дегенмен «Протон-М» зымыран тасығышында өте улы зымыран отынының компоненттері қолданылады. Осы мәселені және осыған қатысты қоғамдық пікірді ескере отырып, Қазақстан тарапы бастама көтеріп, «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы жоғарыда аталған «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды 2026 жылға дейін аяқтау туралы шешім қабылдады», – деп мәлімдейді министрлік.

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан бұл зымыран тасығышын ұшыруды жалғастыру мәселесін қарау кезінде министрлік осы екі аспектіні ескермек. Сонымен бірге зымыран отынының жоғары улы компоненттерін пайдаланатын «Протон-М» зымыран тасығышының орнына экологиялық таза зымыран тасығышын пайдалана отырып ғарыш аппаратын ұшыру бойынша «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру бойынша бірлескен жобасын жүзеге асыру көзделген.

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен жаңа зымыран тасығыштың алғашқы ұшырылымын 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ тараптардың кәсіпорындары «Бәйтерек» БК» АҚ және «М.В. Хруничев атындағы Мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарыш орталығы» АҚ «Протон» ғарыштық зымыран кешенінің объектілерін одан әрі пайдалану мәселесін зерттеп жатыр», – делінген жауапта.

Министрлік мәліметінше, бүгінгі таңда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын, басқарылатын және көлік құралдарын ұшыру «Союз» және «Протон-М» зымыран тасығыштарының көмегімен жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, осыған дейін «Курсив» Ресей тарапының 2025 жылдан кейін Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыру бойынша келісімді ұзарту туралы ұсыныс тастағаны туралы жазған болатын. Бұл туралы Ресейдегі зымыран өндіретін Хруничев атындағы орталық бас директоры Алексей Варочко хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз