Қазақстан Катармен бірлесіп заманауи газ өңдеу өнеркәсібін құрады

Жарияланды
Катар
Катар Қазақстанда екі газ өңдеу зауыты мен басқа жобаларды жүзеге асырады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан Катармен бірлесіп заманауи газ өңдеу өнеркәсібін құрады. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Жиынға Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz, «Самұрық-Энерго», KEGOC, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялары қатысқан. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын бақылау мәселесін талқылаған.

«Қазақстан Президенті мен Қатар Әмірі арасындағы уағдаластықтар еліміздің экономикасы үшін аса маңызы бар бірқатар мега-жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанда заманауи қуатты газ өнеркәсібін құру жолында орнықты түрде алға жылжып келеміз. Жобаларды іске асыруда ешқандай іркілістер болмауы керек. Барлық мәселе менің жеке бақылауымда»,- деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Қазақстан тарапы Катардың UCC Holding компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы жылына 1 млрд м3 және 2,5 млрд м3 болатын екі газ өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге жаңа КС-14 компрессорлық стансасы және «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистралды газ құбыры, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ екінші желісі салынады.

Газ өңдеу зауытын салу арқылы өңдеу қуатын арттырып, шикі газды тиімді пайдалануға мүмкіндік туады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін салу нәтижесінде оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерді газбен жабдықталып, сондай-ақ экспорт көлемін сақтаудың арқасында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Ал жаңа компрессорлық станса мен «Ақтөбе-Қостанай» магистралды газ құбыры Қостанай облысының халқы мен өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.  

Нәтижесінде QazaqGaz және UCC Holding жалпы маңызды төрт жоба бойынша ортақ келісімге келген. Қазіргі таңда осы жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар басталған.

Энергетика министрлігі мен QazaqGaz мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда газ өндіру көлемі 60,456 млрд м3 дейін артады деп күтілуде. Өндірістің 85%-дан астамын Теңіз (27%), Қарашығанақ (38%) және Қашаған (20%) жобалары қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіштер газ саласының елдегі даму қарқынын көрсетеді.

Ал тауарлық газ өндірісі 2024 жылы 28,054 млрд м3 көлемінде жоспарланып отыр. Газдың болжамды балансына сәйкес 2024 жылы ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд м3 құрайды.

Өз кезегінде үкімет басшысы бұл жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілердің өнімдерін барынша пайдалануды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз