АҚШ-тың Global Finance журналының жасаған рейтиңіне сәйкес Қазақстан Орта Азиядағы ең бай мемлекет болып танылды.
Басылым рейтиңді жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі негізінде әзірлеген. Оған сәйкес Қазақстан ең кедей елдер тізімінде 128-орында тұр. Бұл тізімге 190 мемлекет енген.
Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ үлесі – 34 534 долларды құраған. Бұл көрсеткіштерге сәйкес ТМД елдері бойынша Қазақстанның алдында Ресей тұр. Көрші елдің жан басына шаққандағы ЖІӨ үлесі 38 292 долларды құрап, 131-орынға орналасқан.
Сондай-ақ бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Украинаны шаң қаптырған. Бұл елдің жан басына шаққандағы ЖІӨ үлесі 15464 долларды құраған. Осылайша, Украина 81-орынға орналасқан.
Ал Орта Азия елдері ішінде Тәжікстан ең кедей ел болып танылған. Бұл рейтиңде 43-ші орынды иеленген. Онда жан басына шаққандағы ЖІӨ үлесі небәрі 5832 доллар. Одан кейінгі орында Қырғызстан тұр. Ол 6790 доллармен 48-орынға жайғасқан. Ал Өзбекстан 67-орынға орналасқан. Бұл елдің жан басына шаққандағы ЖІӨ үлесі 10 936 долларды құраған. Рейтиңгіде 101-ші болып Түркменстан тұр. Түркіменстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ үлесі 19 729 доллар болған.
Басылым нұсқасы бойынша ең бай елдер тізімінде Қазақстан 63-орында.
Еске ала кетсек, 2023 жылдың желтоқсанында шыққан ҰСБ статистикасына сәйкес, Қазақстан айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі жөнінен көпжылдық рекордты жаңартқан. Елде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2023 жылғы III тоқсанда 5,6% болған. Яғни айлық табысы жан басына шаққанда 51 750 теңгеден аспайтындар қатары 1,1 млн адамға жеткен.
2023 жылғы III тоқсанында кедейлердің қатары Түркістан облысында (9,6%) көп болса, ал Қарағанды облысы және Астана қаласында (2,7%-дан) аз. Аймақтар бойынша кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа айтарлықтай өсіп, 9,3% болған.
Соңғы рет бұл көрсеткіш пандемия дағдарысы кезінде жоғары болған: яғни 2020 жылдың үшінші тоқсанында 5,7% құраған.