Үлкен Алматы айналма жолының кейбір учаскелерінде қозғалыс шектеледі

Жарияланды
Үлкен Алматы
Үлкен Алматы айналма жолының жолақтарын жаңартуға 1 айға жуық уақыт кетеді / Фото: kursiv.media

Үлкен Алматы айналма автожолының кейбір жолақтарында қозғалыс уақытша шектеледі. Бұл жайлы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында (БАКАД) төсемдегі жол белгілерін жаңарту жұмыстары басталды. Осыған байланысты мамыр айында кейбір жолақтарда қозғалысты уақытша шектеу енгізіледі»,- делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік хабарлауынша, бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Жаңартылған белгілер жолақтардың шекараларын айқындап, жүргізушілердің дұрыс бағыт ұстауына көмектесіп, төтенше жағдайлар қаупін азайтады.

Осы ретте Автомобиль жолдары комитеті жүргізушілерді аталған жұмыстардың орындалуы кезеңінде жолда қырағы болуға шақырды. Бұл жұмыстар айдың соңына дейін жалғасады.

Еске сала кетсек, Үлкен Алматы айналма жолы 2023 жылдың маусым айында ашылған. Жоспар бойынша 2024 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда жоба мерзімінен бұрын аяқталып, ертерек пайдалануға берілді.

Жоба концессиялық механизм бойынша жүзеге асырылды. Концессионер «BAKAD Investments and Operations» ЖШС, ал құрылтайшысы Alsim Alarko – Makyol – SK Ecoplant – Korea Expressway түрік-корей консорциумы. Концессионердің қызмет ету мерзімі – 15 жыл. Жобаның құны 770 миллион долларға бағаланады: 185 миллион долларды BAKAD Investments and Operations компаниясы бөлді, қалған 585 миллион доллар үш қаржы институтынан: Еуропалық қайта құру және даму банкінен, Ислам даму банкінен және Еуразиялық даму банкінен қаржыландырылды.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың дерегінше, мегаполистің 2040 жылға дейінгі жаңа бекітілген Бас жоспары аясында қаладан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына апаратын 6 радиалды жолды салу жұмыстары жүзеге асырылады.

БАКАД жобасын іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2018 жылы бастау алған. Негізінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы екі жылдан соң қолға алынып, ол 2022 жылы аяқталуы тиіс еді.

Айта кету керек, айналма жол Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтеді. Автожол Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз