2023 жылы Қазақстанда сұрыпталған қалдықтардың көлемі 6,8%-ға өсті
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша бір жыл ішінде жиналған қалдықтардың жалпы көлемі 8%-ға өсіп, 2023 жылдың соңында 4,1 млн тоннаны құрады. Елдегі коммуналдық қалдықтардың басым бөлігі көше тазалаған кезде шыққан қалдықтар: 282,5 мың тонна.
Одан кейін макулатура, картон және қағаз (119,9 мың тонна), базар (107,2 мың тонна), пластмасса, пластик, полиэтилен (84,4 мың тонна), тамақ (60,3 мың тонна), шыны қалдықтары (31,7 мың тонна), металдар (5 мың тонна), киім және тоқыма бұйымдары (1,2 мың тонна), электронды және электр жабдықтары (296 тонна) жиналған.
Басқа аралас қалдықтар 2,6 млн тоннаны құрады. 2023 жылы сұрыпталған қалдықтардың көлемі 1,3 млн тоннаға жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,8%-ға артық. Өңірлер бойынша ең көп қалдық (412,6 мың тонна) Алматы қаласында сұрыпталды.
Үздік үштікке Астана қаласы (372,1 мың тонна) мен Қарағанды облысы (193,8 мың тонна) да енді. 2023 жылы Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинаумен және шығарумен 808 компания айналысқан. Оның ішінде 261 мекеме қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі кейбір қалдық түрлері қайталама ресурс санатына көшірілетінін хабарлады.