«Басшысынан бастап 32 адам сотталды»: Астанадағы арнайы ХҚКО-да көлікті заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты
Мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген арнайы ХҚКО-ларда ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Ведомство мәлімдегендей, 25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысқан арнайы ХҚКО мен полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім жариялады.
«Олар ұйымдасқан топ құрып, басшылық жасау, мемлекетке мүліктік залал келтіру, «Web-Модуль» ҚКО» және «ХҚКО ИАЖ» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау бойынша айыпты деп танылды»,-делінген хабарламада.
Антикор келтірген дерекке сүйенсек, 2022 жылдың қаңтарынан мамырына дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 млрд теңгені құрайды.
«Сот үкімімен 32 адам сотталды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Астана қаласының №2 Мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш. Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚКО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы 9 жыл бас бостандығынан айырылды, 5 топ қатысушысы 6 жыл бас бостандығынан айыру, ал жазаның әртүрлі мерзімдері бойынша 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ, 7 қызметкер 2 жыл 6 айдан бастап бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», -деп хабарлады ведомство.
Олар арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойы айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар тергеу барысында арнайы ХҚКО маманы көлік құралдары иелерінің қолтаңбаларын қолдан жасау фактілері автокөліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша нысандарында анықталды.
Айта кетейік арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 млрд теңгеден 91,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде агенттік автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде жемқорлық тәуекелдерін анықтаған.
2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан автокөлікті тіркеу жүйесі арқылы кейбір қызметкерлер жалған деректер енгізіп, жалған құжаттар әзірлеп келген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік 3 жыл ішінде 23 қылмыстық істі тергеп, 3 мыңнан астам заңсыз көлікті есепке қою фактілерін анықтаған. Сонымен бірге 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілгені белгілі болды. Осындай жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін агенттік арнайы ХҚКО-лардың атокөлікті тіркеу бойынша ақпараттық жүйесін ІІМ-мен интеграциялаған.