Қазақстанда ескі көліктерге салық құны төмендейді. Бектенов көлік салығында қандай өзгеріс болатынын түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Автокөліктің шыққан жылы неғұрлым ескі болса, көлік иесі соғұрлым аз мөлшерде салық төлейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Шыққанына 20 жылдан асқан көліктерге салынатын салықтың мөлшері қазіргіден екі есеге аз болмақ. Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың көлік салығын төмендету туралы ұсынысына жауап берді.

Үкімет басшысы депутттарға берген жауабында жаңа тарифті белгілеу жұмысы жүріп жатқанын және салық кодексіне тиісті өзгеріс енетінін жеткізді. Яғни автокөліктің шыққан жылына қарай салық салудың сараланған тәсілі қарастырылуда.

«Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары бойынша төмендету коэффиценттерін белгілеу ұсынылады: шығарылған жылы 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктер үшін, 0,7; – шығарылғанына 20 жылдан астам автомобильдер үшін – 0,5»,- делінген Премьер-министрдің жауабында.

Автокөліктің шыққан жылы неғұрлым ескі болса, көлік иесі соғұрлым аз мөлшерде салық төлейді. Бүгінгі таңда жеңіл автокөліктерге салынатын салықтың сомасы қозғалтқыштың көлеміне байланысты: 1 АЕК – тен 117 АЕК-ке дейін (3 692-ден 432 964 теңгеге дейін).

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, қазір бұл мәселе пысықталып жатыр.

«Ұсынылған тәсілдер бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін, олар жаңа Салық кодексінің жобасына енеді», – деп жауап береді Олжас Бектенов.

Елдегі автокөліктердің 63 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың утильалым төлемінің мөлшерін азайту туралы бастамасына қатысты да жауап берген еді. Үкіметтің мәлімдеуінше утильалым төлемінің мөлшері азайғаннан кейін қазақстандықтар жаппай ескі көліктерге көше бастаған.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, еліміздегі утиль төлемі көрші мемлекеттермен салыстырғанда айтарлықтай аз. Олжас Бектенов 2015 жылы бұл төлемді енгізу көлік паркін жаңартуды ынталандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жасалғанын атап өтті. 2015 жылдың басында елдегі автокөліктердің 75,4 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен.

«2022 жылдың басында утильалым 50%-ға қысқарғанға дейін 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 63%-ды, ал 3 жылға дейінгі автокөліктердің үлесі 8,4%-ды құрады. 2022 жылы утильалымы 50 %-ға төмендеп, сырттан әкелінген көлік құралдарын заңдастырғаннан кейін ескі көліктер санының артуы тіркелді», – деп мәлімдеді Бектенов.

Сондай-ақ оқыңыз