«Визасыз қажылық жасау күнә»: ҚМДБ қажылыққа байланысты мәлімдеме жасады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Сауд Арабиясы корольдігінің қажылық және умра министрлігі тиісті пәтуа шығарды / Фото: архив kursiv.media

Қажылыққа визасыз барған адам күнә жасаған болып саналады. Осылай деп мәлімдеген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қажылық жасаудың талаптары мен тәртіптерін түсіндірді.

Сауд Арабиясы корольдігінің қажылық және умра министрлігі 26 сәуірде арнайы мәлімдеме жасап, тиісті қажылық визасынсыз қажылыққа бару заңсыз екенін мәлімдеді. Сондай-ақ мәлімдемеде қажылық парызын өтеуге ниеттенген азаматтарға ескерту де айтылған. Әлеуметтік желілер арқылы қызметтерін жарнамалап жүрген, қажылық маусымын ұйымдастыруға заңды құқығы жоқ компаниялардан сақ болып, олардың қызметтеріне жүгінбеуге кеңес берілді.

Діни басқарма қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында 2024 жылғы қажылықты ұйымдастыруға өтініш білдірген туроператорларға байқау жариялаған. Мұндағы мақсат әділ бәсекелестікке қол жеткізу және қажылыққа баратындарға қолайлы жағдай жасау. Нәтижесінде ҚМДБ ашық конкурстан өткен 16 қазақстандық туроператорға 2024 жылғы қажылық маусымында отандастарымызға тиісті қызмет көрсетуге ресми рұқсат берді.

«2024 жылғы қажылық маусымында осы туроператорлармен субагенттік келісім жасасқан 16 туроператор мен 19 турагент Сауд Арабиясының талаптарын толығымен орындады. Қазақстаннан қажылардың уақытында төлеген қаржысы бойынша қажылыққа 5 081 орын бөлінді. Биыл қажылық парызын өтеуге ниет білдірген адамдар тек аталған туроператорлар мен турагенттерге қажылыққа тапсырыс бере алатынын еске саламыз. Қажылыққа тіркелу әлі жалғасып жатыр»,- делінген ҚМДБ хабарламасында.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылыққа тізімде көрсетілген тиісті рұқсаты бар компаниялармен бару керектігін ескертеді. Діни басқарма қажылық маусымында туроператор Қазақстан азаматтарын ҚМДБ бөлген қажылық орындарға ғана жеткізе алатынын мәлімдеді. Адамдарды қажылық орындарынан тыс жерге апару екі ел арасындағы қажылық келісіміндегі шарттарды бұзады. Айта кетері, қажылық визасынсыз қажылық жасау туралы шариғатымыздың көзқарасын білдіретін (міндеттер) пәтуалар қабылданған. 

Қажылыққа қатысты пәтуа

2024 жылы 24 сәуірде Сауд Арабиясы Корольдігінің Жоғары ғұламалар комитетінің отырысында келесі пәтуа қабылданды:

«Қажылық визасын алу міндетті, сондықтан қажылық визасынсыз барған адам заңсыздыққа барады. Өйткені заңсыз келу салдарынан қажылардың саны шектен тыс көп болып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіріліп, қажылардың құқығы бұзылып, жұрттың да мүддесі аяқ асты болады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша қажылыққа тек қажылық визасымен және заңды жолмен бару – міндет. Рұқсат құжатын бұрмалауға тыйым салынады. Мүфтият қажылық визасынсыз (туристік, студенттік, жұмыс т.б.) қажылық жасау – күнә болып табылатындығы жөнінде шығарған арнайы пәтуасы бар екендігін де еске салды.

Биыл Қазақстаннан ресми 5081 адам қажылыққа аттанады. Олар 5-10 маусым аралығында Саудияға барып, 23-28 маусым аралығында елге оралады деп жоспарлануда.

«Қорытындылай келе қажылық – дініміздің бес тірегінің бірі, жауапты ғибадат екенін баса айту керек. Сондықтан жоғарыдағы талаптар мен ережелерді сақтап, заң мен шариғатпен бекітілген адалдық жолында жүруге шақырамыз», – деді ҚМДБ баспасөз қызметі.

Жақында ҚМДБ шариғат бойынша кешбэк пен дисконт карталарды қолдану рұқсатына қатысты пәтуа шығарған еді.

Кешбэк жүйесінде карта иесі дүкеннен тауарды сатып алғанда банк клиенттің шотына белгілі бір пайызды қайтарады. Ал сатушы банк арқылы тауарын сатқаны үшін эмитентке белгілі бір комиссия төлейді.

Діни басқарманың мәліметінше, кешбэктің үкімі төлем карталардың түрлеріне байланысты әрқалай болады.

«Дебеттік карта – клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлемді немесе ақша аударымын жасауға мүмкіндік беретін төлем картасы. Дебеттік картаны қолдануға көптеген ғалымдар мен пәтуа ұйымдары рұқсат берген. Өйткені бұл картада өсім беру қарастырылмайды», – деп түсіндірді басқармада.

Сондай-ақ, Ислам Фиқһ Академиясының 139 (5/15) қарарында: «Дебеттік карталарды шығаруға әрі қолдануға рұқсат», – деп жазылған.

Ал кредиттік карта – эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартының талаптарымен төлемдерді, ақша аударымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем картасы.

«Кейбір эмитенттер клиентке қарызды пайызбен немесе пайызсыз беруі мүмкін. Пайызсыз берген жағдайдың өзінде қарызды уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгіленеді», – деп жазылған пәтуада.

Сондай-ақ оқыңыз