Қазақстан мен Ирак ОПЕК+ келісімінен артық өндірілген мұнайды жыл соңына дейін қысқартады
Ирак пен Қазақстан биыл жыл соңына дейін ОПЕК+ квотасынан артық өндірілген мұнай көлемін өтейді. Бұл туралы ОПЕК хабарламасында жазылған.
Ирак І тоқсанда тәулігіне 602 мың баррель, Қазақста тәулігіне 389 мың баррельді артық өндірген. Мұндай шешім альянс хатшылығы, екі елдің өкілдері, сондай-ақ қосалқы сарапшылар кездесуі нәтижесіде шығарылған.
ОПЕК хабарламасында сәуір айында Ирак пен Қазақстан мұнайының ықтимал артық өндірісі кейін ескерілетіні жазылған.
Қаңтар айында ОПЕК+ елдері ерікті түрде мұнай өндірісін тәулігіне 2,2 млн баррельге қысқартуға келіскен болатын. Алайда Ирак пен Қазақстанның өндірісі белгіленген шекті көлемнен асып кеткен. Ақпан айында екі ел де алдағы айларда артық өндірісті қысқартуға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісін тәулігіне 82 мың баррельге қысқартуды жалғастыратынын хабарлады. Бұған дейінгі келісім бойынша, тәулігіне 78 мың баррельді қысқартуға тиіс еді. Егер осы көлемді қысқартса, Қазақстан 2024 жылдың маусым айының соңына дейін тәулігіне 1,468 млн баррель мұнай өндіруі тиіс.
Ал жұма күнгі сауда-саттық соңында мұнай бағасы арзандады. Оған Таяу Шығыстағы жеткізілімдер үзіледі деген қорқыныштың сәл сейілуі себеп болған.
Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың шілдедегі фьючерстері 0,2 (0,24%) доллар арзандап, барреліне 83,47 долларды құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) маусым айындағы WTI фьючерстері 0,32 долларға (0,41%) арзандап, барреліне 78,63 доллардан сатылды.
Осы аптаның басынан Brent 5,6%-ға арзандаса, WTI 6,2% жоғалтты.
City Index және FOREX.com нарығының сарапшысы Фавад Разақзада мұнай бағасының арзандауына Шығыстағы шиеленіс бәсеңдеп, Иерусалимге жасалған халықаралық қысым нәтижесінде Израиль мен ХАМАС бір бітімге келеді деген үміт әсер еткенін айтады. Сарапшы сондықтан мұнай бағасы наурыз айының басындағы деңгейге дерлік қайта оралды деп отыр.