Қазақстанның өңдеу саласындағы іскерлік белсенділік аздап төмендегімен, оң аймақта тұр – S&P Global
S&P Global рейтинг агенттігі Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік (PMI) бойынша сәуір айындағы сауалнамасының нәтижесін жариялады. Өңдеу секторындағы іскерлік белсенділік индексі аздап төмендегенімен, оң аймақта қалған. Наурыздағы 51,6-ға тең болған көрсеткіш сәуірде 51,5-ті құраған.
Көрсеткіштің шекті 50,0 деңгейден жоғарылауы – есепті кезеңде экономикалық конъюнктураның біршама жақсарғанын байқатады.
Өндіріс көлемі және жаңа тапсырыстардың өсімі жалғасқанымен, қарқыны баяулаған. Жұмыспен қамту және сатып алу белсенділігінің одан әрі артқаны байқалған. Өнімді сату бағасы жалпы алғанда бұрынғы деңгейде қалды. Саладағы өнім бағасының өзгермеуі де тапсырыс көлемінің тұрақты болуына ықпал еткен.
Сәуірде Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өсу режимінде қалып отыр. Су тасқыны өндіріс көлемі мен жаңа тапсырыстардың одан әрі өсуін шектегенімен тоқтамаған.
«Болашақ өндіріс көлеміне қатысты оптимизм өндірушілерді тапсырыстардың одан әрі ағынын күту үшін қызметкерлер құрамын кеңейтуге және сатып алу белсенділігін арттыруға итермеледі», – дейді S&P Global Market Intelligence экономикалық директоры Эндрю Харкер.
Яғни тапсырыстың артуы өңдеуші кәсіпорындарды қосымша жұмыс күшін тартуға ынталандырған. Бұған дейін саладағы бос жұмыс орындары біршама қысқарған еді.
Күні кеше, 3 мамырда, Ұлттық банк Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексін жариялады. Соған сәйкес, 2024 жылғы сәуірдегі іскерлік белсенділік индексі 50,6-ны құраған. Индекстің көтерілуіне қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштің жақсаруы әсер еткен.
Қызмет көрсету секторы мен өндірісте іскерлік белсенділік индексі тиісінше 51,5 және 50,7 болып, оң аймақта қалды (наурызда – тиісінше 50,5 және 51,1). Қызмет көрсету секторында көрсеткіш, негізінен, жаңа тапсырыс көлемінің өсуі есебінен жақсарды. Ал өндірісте тауарлы-материалдық қорлардың көлемі мен жұмыспен қамту деңгейі жоғарылады.