Қазақстан алтын сатып алу бойынша Ресейді басып озып, әлемде үшінші орынға тұрақтады
Әлемдік орталық банктер наурызда 16 тонна алтын сатып алды. Тізімде Қазақстан үшінші орынды иеленіп, Ресейді небәрі бір тоннаға басып озды. Ал Орталық Азия елдері арасында бірінші орынды алды. Бұл туралы Дүниежүзілік алтын кеңесі (WGC) хабарлады.
«Сұраныс 40 тоннадан асты. Ал сауда көлемі 25 тоннаны құрады», – деп жазылған WGC есебінде.
Бағалы металдың негізгі сатып алушылары дамушы нарықтардың орталық банктері болды. Өз резервтерін бір айда ең көп толықтырған банк – Түркияның Орталық банкі (+14 тонна). Екінші орынды Үндістанның резервтік банкі мен Қытай Халық банкі бөлісті. Әр ел 5 тоннадан сатып алды. Қазақстан мен Сингапур өз қорларын 4 тоннаға арттырды.
Дүниежүзілік алтын кеңесі 2024 жылы Орталық банктер тарапынан алтынға сұраныс жоғары болатынын атап өтті. Өзінің қорын барынша қысқартқан Өзбекстан 11 тонна алтын сатты. Иордания (4 тоннаға) және Таиланд (10 тонна) да өз қорларын азайтты.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің бірінші тоқсандағы есебіне сәйкес, биылғы жылдың үш айында орталық банктердің алтынға сұранысы 289,7 тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2% артық.
Лондон алтын құймалар нарығы қауымдастығының (LBMA) мәліметі бойынша, алтынның бағасы әлемдік нарықта 2022 жылдың қазан айынан бастап өсуде. Ол кезде бір троя унциясының бағасы 1 665,2 доллар болды.
3 мамырдағы сауданың жабылуында алтынның бір трой унциясы үшін бағасы 2 301,1 долларға жетті. Өткен жылдың қазан айынан бастап алтынның қымбаттауы үдей түсті. Сәуір айының басында BASS Gold сарапшылар мен нарық қатысушылары 2024 жылы алтынның унциясы үшін 2,6 мың долларға жететінін хабарлады.