Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға берілген біржолғы төлем көлемі бойынша есеп берді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Су тасқынынан зардап шеккен 16 мыңнан астам отбасыға 5,7 млрд теңгеге көмек берілген. Бұл жайлы Үкімет үйі хабарлады.

«Биылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша 16 168 отбасы 5,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем көлемі 916 млн теңгеден асты», – делінген хабарламада. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен аймақ тұрғындарынан арнайы құрылған өңірлік комиссияларға 24 835 өтінім түскен. Сол өтінішке сәйкес, 4556 тұрғын үй тексеріліп, 2845 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілген.  

Ал жөндеу жұмыстары мен тұрғын үйді қалпына келтіруге 530 отбасыға 696 млн теңге қаражат бөлінген. Ал Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында 53 отбасыға қираған баспаналарының орнына үй берілген.

Тасқын судан зардап шеккендерге салық төлеу мерзімі шегерілді

Ал Мемлекеттік кірістер комитеті тасқын судан зардап шеккен салық төлеушілердің салық есептілігін тапсыру мерзімі ұзарғанын хабарлады. Тиісті бұйрыққа бүгін қол қойылып, күшіне енген. Оған сәйкес су тасқынынан зардап шеккен салық төлеушілерге 2024 жылдың 1 наурызы мен 30 маусымы аралығында басталатын салықтың барлық нысандары бойынша есеп тапсыру мерзімі 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылады.

Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге 2024 жылғы 1 шілдеге дейін салық есептілігін ұсынбағанына байланысты хабарлама жіберілмейді. Сонда-ай салық төлеушілерге мемлекеттік кірістер органдарына жүгінудің қажеті жоқ. Су тасқынынан зардап шеккен салық төлеушілердің тізімі әкімдіктерден алынады.

Еске сала кетсек, су тасқынынан зардап шеккендерді уақытша салықтан босату туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің құжаты ашық талқылауға сәуірдің ортасында шыққан болатын. Оған сәйкес, салыққа байланысты өсімпұл да 2024 жылдың 1 наурызынан 1 шілдесіне дейін есептелмейді.

Сондай-ақ оқыңыз