АЭС-ке қатысты референдум жыл соңында өтуі мүмкін – Дәурен Абаев

Жарияланды
АЭС жыл соңында
Абаев АЭС салуға қатысты мәселені халық шешетінін мәлімдеді /коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум жыл соңына қарай өтуі мүмкін. Бұл жайлы ТАСС басылымына берген сұхбатында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев айтқан.

Басылым журналисі Қазақстан атом электр станциясын салуда жобаға «Росатомды» қатыстыру мәселесі мен референдум өткізу мерзімі жайлы сұраған. Абаев АЭС мәселесін халық шешетінін айтқан. Ол президенттің кез келген стратегиялық маңызды мәселелерді, әсіресе, халықты алаңдататын мәселелерді референдумда шешу туралы ұстанымын келтірген. Яғни халықтың пікірімен санасудың маңыздылығына тоқталып, АЭС салу туралы шешімді қазақстандықтардың оң бағалайтынына сенім білдірген.

«Біз бұл мәселені референдумға шығарып отырмыз. Қазақстанда атом энергиясына қатысты белгілі бір фобиялар бар. Семей ядролық полигоны ұзақ уақыт бойы Қазақстан аумағында орналасты. Ол республика тарихында үлкен ақтаңдақ боп қалды. Бұл жарылыстардың салдарымен әлі де күресіп келеміз. Сондықтан да бұл Қазақстан үшін өте бір «жанды» мәселе. Бұл мәселе референдумнан кейін шешіледі»,  – деп мәлімдеген.

Абаев сонымен бірге қазақстандықтардың бұл бастаманы қолдайтынына сенім білдірген. Өйткені Қазақстан қазірдің өзінде энергия тапшылығы бар елге айналып барады.

«Қазақстанның экономикасы өсіп келеді. Сондай-ақ көміртегі бейтараптығы мәселесі тағы бар. Дегенмен халық мұнда өзі шешім қабылдауы керек», – дейді Абаев.

Ол егер АЭС салу туралы шешім қабылданса, «Росатомның» осы саладағы көшбасшылығы ескеріліп, оның «қысқа тізімде» болатынын мәлімдеген. Ал референдумның нақты қашан өтетіні белгісіз екенін, бірақ жыл соңында өтуі мүмкін екенін айтқан.

Еске сала кетсек, 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін мәлімдеген.

«Қазақстан үшін таза атом энер­гиясы­ның мәні зор. Бұл – ел эконо­ми­касының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіре­міз. Сол себепті мен еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін. Түптеп келгенде, энергети­ка қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүд­де емес, нақты қажеттілік пен мүмкін­дік­тер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн»,- деді президент. 

Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы Алматы облысының Үлкен ауылында 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінді. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты. Ал «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

Сондай-ақ оқыңыз