Ресей қант экспортына шектеу енгізді: соған қарамастан Қазақстан бұл елден 120 мың тонна қант импорттайды
Ресей федерациясы қант экспортына уақытша шектеу енгізді. Бұл ақпарат Ресей үкіметінің ресми телеграм-арнасында жарияланған.
«Ресей қамыс немесе қызылша қантын және химиялық таза сахарозаны экспорттауға уақытша тыйым салды. Тиісті қаулыға қол қойылды», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шектеу 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Шешімнің ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтау мақсатында қабылданған.
Десе де құжатта бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Оған сәйкес, ЕАЭО елдеріне белгілі бір көлемде қант жеткізуге рұқсат. Яғни әр елге белгілі бір мөлшерде лимит берілген.
Оның ішінде қанттың ең көп көлемі Қазақстанға экспортталмақ. Ресей елімізге 120 мың тонна қант импорттауды жоспарлап отыр. Армения мен Қырғызстанға шамамен 28 мың тонна қант жеткізіледі, ал Беларуське 5 мың тонна қант экспортталады.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың күзінде жарияланған мәліметтеріне сүйенер болсақ, елімізде қант өндірісі күрт төмендеп, Ресейден келетін импорт үш есеге артқан. Бюро деректері бойынша 2023 жылдың тамыз айында елде 9,3 мың тонна қант өндірілген. Бұл шілде айымен салыстырғанда 46,7%-ға кем. Яғни 8,1 мың тоннаға аз. Ал 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан – 79,1%-ға немесе 35,2 мың тоннаға аз.
Еске сала кетейік, 9 сәуір күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі құрғақ қант шикізатын бажсыз әкелу туралы бұйрығы жарияланды. Қант өндірушілерді шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде қамыс қантының үштен бір бөлігінен бажсыз импорты бойынша жеңілдік қарастырылған. Министрлік 300 мың тонна құрғақ қант шикізатын бажсыз әкелуді көздеп отыр.
Ал өткен жылы қант шикізатын импорттау квотасы 350 мың тоннаны құрады. Биыл Қазақстан қант қызылшасы егістігінің көлемін екі есе немесе 13,3 мың гектарға ұлғайтып, 26,3 мың гектарға жеткізуді көздеп отыр. Сол себепті, көлем 50 мың тоннаға азайтылған.