Көлікті жалған техникалық тексерістен өткізгені үшін айыппұл 370 мың теңгеге дейін артады
Жалған техникалық тексерістен өткізгені үшін айыппұл көлемі 100 АЕК-ке дейін яғни 369 200 теңгеге дейін артады. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұрын мұндай заңбұзушылық үшін 110 000 теңге көлемінде айыппұл салынатын.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер көзделген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің қаупі жоғары. Мұндай көліктерден ақау шығып, кейін көлік құралдары жол қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соқтыру ықтималдығы да жоғары. Сол үшін мұндай заңбұзушылыққа әкімшілік жазаны қатайту көзделген.
Мамандар салынатын айыппұл көлемі жасалған құқық бұзушылықтарға пропорционалды болуы керектігін алға тартқан. Мұндай әкімшілік жаза қолдану осындай заң бұзушылықтардың азаюына және жол апаттарының алдын алуға септігін тигізеді.
Егер құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталанса, техникалық тексеруден өткізетін оператор 3 жылға дейін қызмет көрсету құқығынан айырылуы мүмкін.
«Жоғарыда аталған өзгертулер мен толықтыруларды енгізу автокөлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу сапасын жақсартуға және жосықсыз техникалық қарап тексеру операторларының санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстан нарығында 950-ге жуық оператор жұмыс істейді. Олар көлікті техникалық тексеруден өткізу бойынша қызмет көрсетеді. Аталған Заң жобасы шеңберінде автокөлікті техникалық тексеруден өткізетін осы операторлардың қызметіне қойылатын талаптар да күшеймек.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың басынан бастап, газбен жүретін көліктерге қатысты талап өзгерді. «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары» ұлттық стандартына сәйкес, газбен жүретін көліктер арнайы белгі орнатуы керек. Бұл талапқа сәйкес, газ баллондарымен жабдықталған автомобильдер «GAS» деген жазуы бар сары теңбүйірлі үшбұрыштың сәйкестендіру белгісімен таңбалануы тиіс. Мұндай белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Талапты орындамаған жүргізушілерге 10 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.