«Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілуде

Жарияланды
Жоғары аудиторлық палата
Жоғары аудиторлық палата аудиттік тексеру шараларын екінші тоқсан аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр / Фото: kursiv.media

Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ) мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудиттік тексеріс жүргізген. Бұл жайлы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудиторлық палата Қазақстанның төрт облысының бюджеттерін, сондай-ақ салық және кеден жүйелерінің тиімділігін тексерген.

Сонымен бірге мекеме көлік, салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларында, республикалық бюджеттің есептілігі бөлігінде, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша аудиторлық іс-шараларды жүзеге асырып жатыр.

Ал осы жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарының 2022-2023 жылдарға арналған бюджеттеріне аудит жүргізілген. Бұдан басқа, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ және Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметіне де баға берілген.

«Жоғары аудиторлық палата 2019-2023 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізуді аяқтап қалды»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Аудит барысында НЗМ-нің республиканың орта білім беру жүйесін дамытуға әсері талданған.

Сонымен бірге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналысы саласындағы аудиторлық іс-шараның негізгі кезеңі аяқталған. Тексеріс барысында баға белгілеуді реттеудің тиімділігіне баса назар аударылмақ. Оның ішінде отандық фармацевтикалық өнеркәсіптің дамуына, «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьютерінің сатып алу рәсімдеріне баға беріледі.

Сонымен бірге Қытаймен «айна статистикасындағы» алшақтықтарды азайту шараларының нәтижесі тексеріледі. Корпоративтік табыс салығы бойынша автоматтандырылған камералдық бақылаудың тиімділігі тексеріледі. Сондай-ақ мемлекет бюджетіне салықтық түсімдерді ұлғайту жөніндегі шаралардың толықтығына баға беріледі.

Аудит осы жылдың екінші тоқсанына қарай аяқталады. Бұл жұмыстың қорытындысы мен Жоғары аудиторлық палатаның тиісті нұсқамалары Мемлекет басшысына ұсынылады.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың күзінде Президент жарлығымен Жоғары аудиторлық палатаның құзыреті күшейтілді. Өзгерістерге сәйкес Жоғары аудиторлық палатасы бюджеттің бұл түріне мемлекеттік органдардың, тексеру комиссияларының, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ақпараты негізінде аудит жүргізе алады.

Аудит жүргізу туралы қабылданған шешімді Президент Әкімшілігіне хабарлап, палата отырысында дауысқа салу арқылы бекітеді. Аудит қорытындыларын қайта қарау туралы тапсырманы палатаға Перзидент пен Президент Әкімшілігі бере алады.

Сондай-ақ оқыңыз