Жыл сайын өтетін MetGala концерті қатысушылардың ерекше образдарымен көпшіліктің есінде қалып, асыға күтетін іс-шараға айналды. Костюмдер институты жыл сайын белгілі бір тақырып белгілеп, кеш қонақтары сол тақырыпқа сай арнайы сәнденеді. Әнші Шердің жалаңаш образы мен Рианнаның омлет тәріздес көйлегі – гала концертте небір ерекше костюмдер болды. Биыл MetGala 6 мамырда өтеді, фестиваль қарсаңында Елли Виолет Брэмлидің ең үздік образдарға шолуын назарыңызға ұсынамыз.
MetGala жыл сайын «Мамырдың алғашқы дүйсенбісінде» өтеді. Демек, бірнеше күннен кейін сән индустриясы ерекше түске боялып, еркіндік лебі еседі. Бірақ бәрі қарапайым басталған еді. Публицист, сән әлемінің «кіндік шешесі» Элеонора Ламберт 76 жыл бұрын алғашқы фестиваль ұйымдастырады. 1948 жылғы іс-шараның негізгі мақсаты – Нью-Йорктегі Метрополитан өнер мұражайын қолдауға қаражат жинау. Публицист осындай ерекше көрме өткізіп, америкалық сәнге қызықтырып, дәріптеуді көздейді. Құны 50 доллар тұратын билеттер Нью-Йорктағы жоғары тап өкілдеріне сатылады. Соның өзі көпшілік үшін сергіп қалуға мүмкіндік болды. Элеонора Ламберттің шәкірті Джон Тиффанидің айтуынша, «Соғыс кезінде Нью-Йорк тұрғындары терезесін қымтап, қараңғыда отыруға мәжбүр еді. Сондықтан 1948 жылы Ламберт “Ымырттағы кешкі ас» ұйымдастырып, көпшілікті көңіл көтеруге жинайды”.
Содан бері талай өзгерісті бастан өткерді. «1948-1970 жылдар арасында қонақтар мінсіз көрінуге тырысып, Метрополитенге бар жақсысын киіп келетін», – дейді Тиффани. Ал 1970-жылдары америкалық сән редакторы Диана Вриланд іс-шараның концептін ойластырып, түрлендірді. Соның бастамасымен концертке қызығушылық артып, қонақтар тізіміне Энди Уархол сияқты мәдениет, Джеки Кеннеди сияқты қоғам қайраткерлері енді. 1995 жылы тарихи сәт ретінде есте қалады: Vogue бас редакторы Анна Уинтур іске кіріседі.
Сән журналисі, «Анна: Биография» бестселлерінің авторы Эми Оделл «Мет Гала – Анна Уинтур өміріндегі ең үлкен жетістік», – дейді. Оның айтуынша, Анна ұйымдастырған кештер Мұражайға қарасты костюмдер институтына мыңдаған миллион доллар жинап берген. Анна бұл мақсатына билет бағасына бірнеше мың доллардан ондаған мың долларға қымбаттату арқылы жетіпті. Ал биыл кешке кіру құны 50 000 АҚШ доллары тұрады.
Ғимаратқа кіреберісте жүздеген камера болғанымен, кештің негізгі бөлігінде не болатыны қонақтардан басқаларға беймәлім. «Кештің элиталық мерекеге айналуы да осы құпиялығында», – дейді Оделл.
«Шақырылғандардың басқаларынан қандай ерекшелігі бар? Мерекелік кеште не болады? Деген сұрақтар көпшіліктің назарын аударады. Сондықтан MetGala туралы кез келген ақпарат оған ынтықтыра түседі».
Уинтурдің MetGala-сы – тігіншілердің таң қалдырар қойылымы. Тым жылтырақ, қымбат болса да заманымыздың барометрі еді. Бұл – байлықтың, ерекше ойлау мен сенімділіктің неге алып бара алатынын көруге мүмкіндік. Біреулерге бұл ұят, біртүрлі көрінсе, басқалары үшін сонысымен ерекшеленеді. Енді кейінгі жылдары MetGala тарихындағы үздік деп танылған образдарға кезек берейік.
Боб Макидің «жалаңаш көйлегін» киген Шер
1974: Романтикалық, гламур Холлиуд дизайны
«Шер мен Боб Маки сол күні барлық ережені бұзып, дәл сол заманда Холлиудтің қандай гламур екенін көрсетті», – дейді Тиффани. «Оны басқа біреу кисе, мұндай әсерлі көрінбес пе еді. Бірақ Шердің өзіне деген сенімділігі мен Боб Макидің қаншалықты шектен шыға алатынын түсінуі сәтті үйлесім тапты». Бұл образдың туғанына шамамен 50 жылдан асса да, «жалаңаш бейне» әлі де дәл сол кездегідей тренд.
Дайана Росс
1981: XVIII ғасыр әйелі
The Supremes әншісінің көйлегі – бұрынғы гала концерттің қарапайым образдарының ішіндегі ең тартымдысы. Бірнеше жыл өткен соң да Дайана сол көйлегін American Music Awards 2012 марапаттау салтанатына қайта киіп шықты.
Гуо Пейдің «омлет» көйлегін киген Рианна
2015: Қытай: Әйнектің ар жағында
Рианна Гуо Пейдің «қуырылған жұмыртқаға» ұқсайтын көйлегін киіп шыққанда сол кезде 30 жылдан астам тәжірибесі бар қытайлық дизайнер үшін интернетте кеңінен таралып, мемге айналу күтпеген жағдай болған. Кутюр 25 кг болатын көйлекті 50 000 сағат тігіпті. Оделл Уинтур Гуоны жақсы көргенін айтады. «Ол, шынымен, өте ерекше образдарды ұнататын», – дейді ол.
Тақырып «Католицизм» болып белгіленген еді. Продюсер, жазушы Лена Уайт Филадельфия қаласындағы ЛГБТ қауымдастығының жаңартылған жалауына ұқсайтын, қара, қоңыр жолағы бар шәлі киіп келді. Ондағы мақсаты – ЛГБТ мен қара/қоңыр нәсілді адамдар мәселесіне назар аударту.
«Мен өзім мүше болған қауымдастық өкілі ретінде кім болсаңыз да, онымен мақтана алатыныңызды көрсеткім келеді», – деді.
Ал шәлінің астына Каролина Эрераның смкоиңін киген. Тиффани сол ерекше образы мен мықты месседжі көпшіліктің есінде қалғанын айтады. Сол жылғы кеште көптің назарына іліккен Рианна Рим Папасы болып киініп келген еді.
Билли Портердің образы
2019: Лагерь: Сән туралы жазбалар
«Тақырып “лагерь» еді. Билли тапсырманы жақсы түсінді”, – дейді Тиффани Биллидің кешке қанатты мысыр фараоны ретінде келуін меңзеп. Билли Портерді кеште алтын әшекейлер таққан құлдары көтеріп жүреді. Портердің өзі Variety журналына: «Лагерь шектен шығу, кей кезде күлкілі әрі дөрекілеуді білдіреді. Сонымен қатар лагерь бәріміздің тұншығып жатқан шығармашылық тұсымызды оятады» деп түсініктеме берген.
Дәл осы жылы Леди Гага Брәндон Максуелдің төрт көйлегін киген. Ал Жаред Лето өзінің басының муляжын қолына ұстап келген.
Александриа Окасио-Кортездің «байларға салық салыңдар» көйлегі
2021: Америкада: Сән сабағы
Бұл жылы Нью-Йорк конгресмені Аврора Джеймс атты қара нәсілді дизайнер әйел тіккен ақ көйлек киіп шыққан. Көйлекке «байларға салық салыңдар» деген жазу жазылған. Александрия Окасио-Кортез Instagram-дағы парақшасына «БАҚ – жолдау алаңы. Балаларды, денсаулықты, климаттың өзгеруін ойлайтын кез келді. Байларға салық салыңдар» деп жазады. Дәл осы ақ көйлек сол жылғы Мет Галаның ең танымал көйлегіне айналса да, Ким Кардашьян да ерекше есте қалды. Balenciaga өкілі Демна Гвасалия мен бұрынғы күйеуі Канье Уэсттің бірлескен жұмысының нәтижесінде қызық образ пайда болды. Ким кешке толықтай «жамылып» келді. Сондықтан да Метрополитен жұлдыздар барын салатын жер.
Блейк Лайвлидің метаморфоз көйлегі
2022: Алтын жалатылған гламур
Жұлдыздарға тақырып аясында шамамен 1870-жылдарға тұс келетін «Алтын жалатылған» Нью-Йорк дәуіріне үңілуге ұсыныс білдірілді. Бұл кез – индустриализация нәтижесіндегі ақшаның көбейген заманы. Актриса Блейк Лайвли Versace-дің түсі көгілдірден қола түстеске ауысып отыратын трансформатор көйлегін киіп келді. Бұл көйлек «Тәуелсіздік» мүсінінің даттанып кеткен түрін бейнелейді. Яғни көгілдір – қазіргі түсі, қола түстес – даттанған мүсін бейнесі. Сол жолы қатысушылар сәннен емес сәулеттен шабыт алғандай. Орталық вокзал, Эмпайр стейт билдиң сияқты элементтер байқалды.