Алматы қаласы экономикалық сотының шешімімен «Әлия мен Мәншүк» тынымбағын талапқа сай жаңғыртпаған мердігер ұйым жосықсыз қатысушы деп танылды
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «ШАХ» құрылыс компаниясы мемлекеттік сатып алу талаптарын толық орындамайтын қатысушы ретінде танылды.
Мердігер ұйым Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова тынымбағын қайта жаңарту жұмысын жүргізуге тиіс еді. Бірақ тапсырыс беруші онымен келісімшартты бұзды. Құрылыс жұмысын тоқыратқаны үшін компаниядан 56,1 млн теңге көлемінде тұрақсыздық айыбы өндіріледі.
Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы жаңа мердігерді анықтауға қайта конкурс жариялады. Конкурстық рәсімдердің аяқталуының болжамды күні – 2024 жылғы 25 мамыр, скверді реконструкциялау жұмысының толық орындалуы – жыл соңына дейін.
Естеріңізге сала кетейік, «Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы» КММ мен «Шах» құрылыс компаниясы» ЖШС арасында скверді абаттандыру және реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге арналған шарт 2022 жылдың 15 қыркүйегінде жасалынған. Нысанды аяқтау 2023 жылдың 31 мамырына дейін жоспарланған.
Жобада сквер аумағында орналасқан «Одуванчик» және «Аққу» субұрқақ кешендерін қайта жаңарту, технологиялық жабдықтарды, қаптау материалдарын ауыстыру және техникалық жайларды жөндеу жұмыстары көзделген. Яғни мердігер қолданыстағы асфальтты өрнектастарға ауыстыруға, орындықтар мен қоқыс тастауға арналған жәшіктерді, автоматты суару жүйесін орнатуға, дренаж жүйесін, сыртқы жарықтандыру жүйесін қайта құруға және қолданыстағы жарықтандыру құрылғыларын ауыстыруға тиіс еді.
Аталған нысанда жұмыстар уақтылы жүргізілмегендіктен, басқарма мердігер ұйыммен шартты бұзу, өнім берушіні мемлекеттік сатып алу талаптарын орындамайтын қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жолдады. Талап арыздар толығымен қанағаттандырылды.
Айта кетейік, Алматыда 17 жыл бұрын заңды тұлғаға жекеменшікке беріліп кеткен саябақ учаскесі қайтарылды. Жер телімі заңсыз берілген. Заңды тұлға бұл жерге көпқабатты тұрғын үй салмақ болған.