Жаңалықтар

Енді жүргізушілер ақылы жолдардың жағдайын бақылай алады. «ҚазАвтоЖол» онлайн-трансляцияны іске қосты

жаңа жолдарға кеткен қаражат
Жүргізушілер республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын онлайн бақылай алады / Фото: архив kursiv.media

«ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар ақылы жолдарды онлайн режимде көрсететін ақпараттық сервисті іске қосты. Енді көлік жүргізушілері мен басқа да жолаушылар Kaztoll.kz сайты арқылы нақты уақыт режимінде жолдардың жағдайын бақылай алады.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, бүгінде 17 ақылы жолда 74 бейнекамера орнатылған. Олар көлік қозғалысының трафигі, ауа райы және жолдың жалпы жағдайы туралы ақпарат береді.

«Бұл жүргізушілер үшін алдын ала сапарды жоспарлауға, оңтайлы бағыттарды анықтауға және жолдағы қолайсыздықтарды алдын алуға мүмкіндік жасайды. Жаңа сервис сапар кезінде уақытты үнемдеуге және қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін таптырмас құрал болмақ», – делінген хабарламада.  

Автокөлік жолдарын басқару жөніндегі оператор ақылы жолдардың онлайн көрсетілімінің арқасында жүргізушілер кептелістерді алдын алады деп есептейді. Сонымен қатар уақыттарын үнемдеп сапарларын ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп жоспарлауға мүмкіндігі болатынын мәлімдеді.

Жолдардағы онлайн көрсетілім тек көлік жүргізушілерге қолайлы жағдайды жасап қана қоймай, сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталмақ. Жолдардың жағдайы туралы ақпарат жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін сапарларын қауіпсіз әрі болжамды етуге көмектеседі. Осылайша, «ҚазАвтоЖол» ұсынған ақылы жолдардағы онлайн көрсетілім көлік жүргізушілері үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып, жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға септігін тигізеді,  – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы.

Еске салсақ, осыған дейін Көлік министрі Қазақстандағы ақылы жолдардың сапасын жақсарту үшін тарифті қымбаттатуды ұсынған еді. Ведомство басшысы елде 2013 жылдан бері ақылы жолдың тарифі өзгермегенін айтты.

«Тарифті өсіру жағын қарастырып жатырмыз. Неге екенін түсіндірейін. 2013 жылдан бері яғни 11 жыл бойы ақылы жолдың тарифі өзгермеді. Біздің тарифпен басқа елдің тарифін салыстырайық. Мысалы Қазақстанда ақылы жол тарифі – 1 теңге 20 тиын, ал Ресейде – 7 теңге. Сіздер ақылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін қаржы салық төлеушілердің есебінен емес, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының есебінен болғанын қалайсыздар. Мәселені шешудің тек жалғыз жолы қалады. Ол – ақылы жолдың тарифін көтеру»», – деді Көлік министрі .