Сұйытылған газды Қазақстаннан әкетуге қатысты шектеу мерзімі тағы ұзарды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Сұйытылған мұнай газы, пропан, бутанды автомобиль және темір жол көлігімен әкетуге жарты жылға тыйым салынды / Фото: архив kursiv.media

Қазақстаннан сұйытылған газды әкетуге тағы жарты жылға шектеу енгізілді. Энергетика министрінің міндетін атқарушы «сұйытылған мұнай газын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды.

Тиісті құжатта Қазақстан аумағынан автомобиль және темір жол көлігімен сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілетіні айтылған.

 Бұл шектеу шаралары мынадай жағдайларда қолданылмайды:

  • Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Салық Кодексінің 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие ҚР Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалану келісімшарты шеңберінде өндірісті жүзеге асырған жер қойнауын пайдаланушылар әкеткенде;
  • ҚР халықаралық шарттары негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан өндірілген (қайта өңделген) тауарларды әкету;
  • ҚР шегінен тыс басталатын және аяқталатын тасымалданатын транзиттік тасымалдар.

Бұйрық ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл шектеу шараларын енгізудегі мақсат – Қазақстанның ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету. Айта кетейік, бүгінгі күні газ тасымалдау ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 13 қарашадағы бұйрығына сәйкес шектелген.

Еске салсақ, 2023 жылдың қазан айында Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын Қазақстаннан әкетуге 6 айға тыйым салған болатын.

Осыған дейін Энергетика министрі елдегі сұйытылған газ өндірісінің жағдайы туралы айтқан болатын. Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда сұйытылған газ бағасы өзге елдермен салыстырғанда едәуір арзан екенін мәлімдеген еді.

«Бұл жерде біз жүйелі жұмыс туралы айтып отырмыз. Біз сұйытылған мұнай газының бағасын жыл сайын көтеруді жоспарлап жатырмыз. Биыл аз ғана – аймаққа байланысты шамамен 5-8 теңгеге көтеруді жоспарлаймыз», – деді министр.

Министр сондай-ақ, сұйытылған мұнай газ өндірісінің тиімсіздігінен сала шығынға ұшырайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды.

Сондай-ақ оқыңыз