Үкімет ҰОС ардагерлеріне төленген қаржы сомасына қатысты есеп берді

Жарияланды
ҰОС ардагерлеріне 187 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілді / Фото: shutterstock

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалды. Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы ҰОС ардагерлеріне 187 млн теңге бөлінді. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер мөлшері жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша кейінгі жылдары көптеген облыстарда ардагерлерге төлемдер бірыңғай мөлшерде төленеді.

Мәселен, биыл республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,5 млн теңгені құрады. Бұл ретте көптеген өңірлерде орташа мөлшерден жоғары сома төленді: Ақмола облысында – 3 млн теңге, Ақтөбе облысында – 2 млн теңгеден астам. Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларында ҰОС қатысушылары 2 млн теңгеден алды.

Бүгінде республикада Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады. ҰОС қатысушыларына әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлеріне қарамастан ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Сәуір айында Алматы қаласының әкімдігі соғыс ардагерлеріне 2 миллион теңгеден біржолғы төлемі берілетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз