Көкшетау қаласындағы екі жылу қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 816 миллион теңге бөлінеді
Еліміздегі жылу-электр орталықтарының сапасы сын көтермейді. Жыл сайын қыс кезінде бірнеше қаладағы ЖЭО-ларда апат болады. Қазақстанда жалпы жылу-электр орталықтарының 60%-ы тозған. Орал, Степногороск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы нысандар жабдықтарының 80%-ы ескірген.
Үкімет Көкшетаудағы №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуді қолға алмақ. Биыл Ақмола облысының бюджетіне ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде 816 млн теңгеден астам қаражат аударылады. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.
Осы қаражатқа қазандықтардың конвективті бөліктің пакеттерін және қазандық агрегаттарын жөндеу, сондай-ақ қыздыру беттерін және шикі көмір бункерлерін ауыстыру жоспарланған.
Үкімет сайтындағы мәлімет бойынша, Көкшетауда қаланың жылу және электр қуатына деген сұранысты толық қамтамасыз ету үшін толыққанды ЖЭО салу жобасы пысықталуда.
«Оның техникалық көрсеткіштері жылу қуаты – 520 Гкал/сағ, электр қуаты – 240 МВт болады деп жоспарлануда. Бұл ретте Көкшетауды одан әрі газдандыруды ескере отырып, табиғи газға көшіру мүмкіндігі бар түрлі отынды көміртозаңды қазандықтар орнату көзделген», – делінген хабарламада.
Жоба биылғы 17 сәуірде Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған келісім шеңберінде жүзеге асырылады. Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым «Самұрық-Энерго» АҚ биыл ЖЭО жұмысын бастау үшін тиісті жол картасын әзірледі.
Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда жылу электр орталықтарын жөндеуге шамамен 380 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Оның 361 миллиард теңгесі тариф және станция иелерінің қаражаты есебінен бөлінбек.