6 мамырда кей өңірде үсік жүріп, бұршақ жауады, Жетісуда өзендер тасуы мүмкін
6 мамырда елдегі ауа райы құбылмалы болмақ. Найзағай жарқылдап, күн бұлттанады. Түнде елдің шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады. Тек солтүстікте және елдің орталығында жауын-шашын болмайды.
Республика бойынша жел күшейеді. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста дауыл соқса, оңтүстік-шығыс жақта бұршақ жауады. Солтүстік-батыста, оңтүстікте, орталықта тұман түседі.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында түнде 1-ден 6 градусқа дейін үсік жүреді. Ақтөбе облысының солтүстігінде ауа райы суық болмақ. Павлодар, Қарағанды облыстарының батысында, солтүстігінде 3 градус үсік күтіледі.
Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Атырау облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Қарағанды облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Ұлытау облысының шығысында, орталығында, Қызылорда облысының батысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында өрт қаупі күшті болмақ.
6-7 мамыр аралығында нөсер жаууына байланысты Жетісу облысының таулы және тау етегіндегі аймақтарда беткейлік ағындының қалыптасуы, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.
«Өзендер қауіпті деңгейден асып кеткен жағдайда жайылма тұста орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарын және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі бар»,– деп ескертті Қазгидромет.
Одан бұрын Қазгидромет арктикалық салқындық екі-үш күн бойы ауа райына әсер ететінін хабарлаған еді.