Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады
Президент Пасха мерекесінің ерекшелігін атап өтіп, мейірімділік пен ізгілік жаршысы екенін алға тартты.
«Құрметті еліміздің православ қауымы! Баршаңызды Пасха мерекесімен құттықтаймын! Бұл мейрам – мейірімділік пен ізгіліктің көрінісі. Мереке кезінде діндар қауым зор қуанышқа кенеледі, болашағы жарқын боларына сенімі артады. Жалпыұлттық мәдени кодымызбен берік сабақтасып жатқан Пасха дәстүрлері жұртты жасампаздыққа жетелейді. Сондай-ақ мұқтаж адамдарға көмектесуге, жақын жандарға жанашырлық танытуға шақырады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақ пен бірліктің ең басты құндылық екенін айтты.
«Православ қауымы қоғамда өзара түсіністік пен келісімді сақтауға, бірлік және тілеулестік сияқты басты құндылықтарды орнықтыруға зор үлес қосып келеді. Біз халқымыздың қайсарлығы мен ынтымағының арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құру үшін биік белестерді бағындыра береміз. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», – деді мемлекет басшысы.
Қазақстандықтар Конституцияға сәйкес діни мерекелерді емін-еркін атап өте алады.
«Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады», – деген еді Президент биыл Рим папасы Францискпен кездескенде.