Негізінен ерігіш сусындар жасауға пайдаланылатын кофенің робуста деген арзан әрі қуатты сортының бағасы сәуір айында өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бергі ең жоғарғы деңгейге бір-ақ шықты. Қатарынан екі жыл егін нашар шығып, робустаны жеткізу қиындай түскен болса керек.
Көрсеткіштерді келтірсек
Халықаралық кофе ұйымы (ICO) берген дерекке қарар болсақ, робустаның көтерме саудадағы бағасы күрт көтеріліп, 1979 жылдан бергі ең жоғарғы деңгейге шықты. Кофенің бұл сорты эспрессода араластыруға және ерігіш кофе өндірісінде қолданылады. Робуста дәмі жөнінен арабикадан кем түскенімен, одан гөрі қуатты әрі арзан.
ICO бағасы кешенді индикаторының орташа айлық мәні (ICO Composite indicator price, I-CIP) сәуірде 16,4 %-ға артып, бір фунты 2,2 долларға жоғарылаған. I-CIP түрлі кофе тобының экспорт үлесіне сәйкес есептелген күндізгі бағасының орташа арифметикалық мәніне тең және іс жүзінде кофенің орташа әлемдік бағасын құрайды. Осы қарқында робуста сорты 16,8 %-ға қымбаттап, бір фунты 1,9 долларға барды делінген ICO баяндамасында.
Қымбаттау себептері
«Робустаның ең ірі өндірушісі – Вьетнамда, – делінеді баяндамада, – былтырғы да биылғы маусымда да егін дұрыс шықпай, әлемнің түкпір-түкпіріне кофені жеткізу мүмкін болмай кеткен». Аптап ыстық пен елдегі кофе алқаптарындағы құрғақшылық бұл қиындықты ушықтыра түсуі ықтимал. «Алқаптарды суғаруға судың жетіспеушілігі биылғы егіннің «алдын кес-кестеді» деп жазады Bloomberg. Мақалада Лондондағы фьючерстік келісімшарт құны соңғы алты айдың бесеуінде тек өсіп отырғаны айтылған. Сондықтан мұның арты тұтыну бағасының артуына ұласуы мүмкін делінген.
Дей тұрғанмен Вьетнамдағы кофелі белдеу осы айда-ақ құрғақшылық әлегінен құтылып, қалпына келе бастауы мүмкін екенін, ал хедж қорлар бағаның әрмен қарай өсуіне кедергі жасау мақсатында мөлшерлемені төмендетіп жатқанын айтады ақпараттық агенттік. Өзге аймақтардан арабика сортының жеткізіле бастауы да бағаны бір қалыпта ұстап тұруға септеседі.
Акциялардың жайы
— Ерігіш кофенің ірі өндірушілерінің бірі швейцариялық Nestle құнды қағаздарының бағасы жыл басынан бері 7,6 %-ға төмендеді. Соңғы айда Nestle-нің акциялары Цюрихтегі биржада 1,7 %-ға арзандады.
— Америкалық-голландиялық JDE Peet’s N.V. (Jacobs, Moccona және Tchibo брендтері) акциялары жыл басынан бері Амстердамдағы саудада 16,9 %-ға нарықтық құнын жоғалтты. Сөйте тұра соңғы айда JDE белгіленімдері 7,5 %-ға өсті.
Батыс Африкада егін дұрыс шықпай, какаоның қымбаттауы да бірінші тоқсанда осы өндірушілердің құнды қағаздарына қысым жасады. MarketWatch мәліметі бойынша, жыл басынан бері какаоға қатысты фьючерстер екі есе өскен. Алайда соңғы айда оның құны 14 %-ға төмендеді. Көпке созылған раллиден кейін какаоға қатысты фьючерстер сәуірдің соңында бір-ақ күнде 17 %-ға арзандады.