Tesla озық өндіріс технологиясына көшемін деген ойынан айныды — Reuters
Reuters дереккөздері Tesla-ның инновациялық өндіріс технологиясы – гигақұймаға ауысамын деген өзінің асқақ жоспарынан бас тартқанын айтады. Оның орнына компания автомобиль құрастырудың анағұрлым сенімді әдісінен айырылмауға ұйғарды. Сатылымның төмендеуі мен барған сайын күшейген бәсекеге байланысты Tesla шығынын азайтып жатыр.
Мәселенің мән-жайы
«Гигақұйма деген – автомобиль бөлшектерін құюға керек, қысымы бірнеше тонналық алып езгіш қолданылатын озық технология» деп жазады Reuters. «Осындай технологиямен Tesla әдетте жүздеген бөліктен тұратын автомобиль бауырын тұтас құйып үйренгісі келген» деп жазған Reuters 2023 жылғы қыркүйекте дереккөздерге сілтеме жасай отырып. Енді компанияның Model 2 мен Cybertruck пикапын жасағанда қолданған сенімді әрі дәстүрлі тәсілді сақтауға ұйғарғанын айтады агенттік.
Reuters сауалына Tesla жауап қатпады. Бірақ Reuters бауыры гигақұйма әдісімен жасалған бірінші көлік қолжетімді электроавтомобиль Model 2 болуға тиіс екенін анықтаған. Алайда сәуірде Reuters компания бұл модельді жасаудан бас тартты деп хабарлады. Сол кезде Tesla-ның бас директоры Илон Маск агенттікті өтірік айттың деп айыптады.
Бұл неге маңызды?
Reuters-дің пікірі бойынша, гигақұйманы ауқымдаудан бас тартуы Tesla-ның кірістің азаюына байланысты шығынды қысқарту саясатына сай келеді. Агенттік атын атамай, бірнеше сарапшыға сілтеме жасап, гигақұйманың бара-бара болашақта шығынды азайтатынын, бірақ бұл процеске бастапқыда үлкен инвестиция, оны жетілдіруге де көп қаржы қажет екенін жазды. Model 2 әзірлемесін тездеткісі келгеніне және өндірістің шығынды кідірісі мен басқа да қиындығына байланысты Tesla гигақұймадан бас тартты деді Reuters-дің екі дереккөзі.
Екінші жағынан, агенттіктің айтуынша, бұл шешім компания стратегиясының өзгеруін білдіреді: енді ол өзін-өзі басқаратын автомобиль жасауға көбірек көңіл бөліп, көп инвестор үміт артқан сатылым көлемінің қарқындай ұлғаюын көздемейді.
Reuters «Көлік бауырын тұтас қылып құямын дей ме? Әрине, өйтуге болады, бірақ оның шығыны нендей болмақ?» деген Caresoft Global инженерлік компаниясының президенті Терри Войчовскидің сөзін келтіреді. «Оның үстіне көлік бауырын тұтас қылып құю Tesla электромобильдерін сатуға қалай көмек береді?» дегенді айтады Массачусетс технологиялық институтының зерттеу жөніндегі бұрынғы директоры Джеймс Вомак. «Бұл нәрсе, қоғам мен сатып алушы тұрғысынан қарағанда, сондайлық бір көңіл қызықтырар дүние емес», – деді ол.
Tesla-ның мәселелері
Tesla сәуір айында әлем бойынша өз қызметкерлерінің 10 пайызын қысқартты. Тағы компаниядан бірнеше жоғары қызметтегі менеджер кетті. Тура сол айда 2020 жылдан бері алғаш рет компания жеткізу көлемінің азайғанын айтып тоқсандық есеп берді. Ол, бір жағынан, электромобильге деген сұраныстың баяу өсуіне, ал, екінші жағынан, бәсекенің күшеюіне байланысты еді.
Сондай-ақ сәуірде Tesla жаңа модельдерді, оның ішінде қазіргіден гөрі әлдеқайда қолжетімді түрлерін тездетіп шығарамыз деп уәде берді. Масктің айтуынша, жаңа көліктер өндірісі 2025 жылы, тіпті 2024 жылдың соңында басталуы мүмкін. Бірақ Маск та, Tesla да оның мән-жайын ашып айтпады.
Акциялардың жайы не болмақ?
1 мамырдағы сауда нәтижесі бойынша Tesla акциялары 1,8 пайызға арзандаған, яғни бағасы 179,99 долларға дейін құлдыраған. 2 мамырдағы биржадағы сауда алды кезеңінде баға 2 пайыздан арыға көтерілмеді. 2024 жылдың басынан бері қағаздар 27,5 пайызға арзандады.
Талдаушылардың көбі, 54-тің 22-сі, Tesla акциясын ұстап отыруға кеңес береді (Hold рейтингісі) делінеді FactSet дерегінде. 15 талдаушы Buy (сатып алуға кеңес беру) рейтингісіне қосылды, тоғызы Sell-ге (сатуға кеңес беру) қосылды. Тағы алтауы Overweight (нарықтан жоғары), екеуі Underweight (нарықтан төмен) жағында. к