Жаңалықтар

Әлемде алтын бағасының көтерілуіне Қытай инвесторлары ықпал етіп жатыр – The New York Times

Қытай инветорлары алтын
Қытай инвесторларының жаппай алтын сатып ала бастауы бұл металл бағасының өсуіне себеп болған / Фото: kursiv.media

Әлемде алтынның бағасы өсіп, ең жоғары көрсеткіш көрсеткен. Бұған Қытай инвесторларының жаппай алтын сатып ала бастауы себеп болған. Сарапшылар пікірінше, инвесторлардың жылжымайтын мүлік пен акцияларға сенімі азайған. Бұл жайлы The New York Times басылымы жазған.

Негізінен алтын бағасының өсуіне геосаяси жағдай әсер еткен. Өйткені экономикалық күйзеліс кезінде алтын қауіпсіз инвестиция ретінде қарастырылады. Солайша бұл метелл бағасының күрт қымбаттауына Ресейдің Украинаға басып кіруі мен Газа секторындағы соғыс өз әсерін тигіізген.

Дегенмен алтын бағасының шарықтау шегіне дейін жетіп, бір унциясы 2400 доллардан жоғары деңгейге көтерілуіне Қытай инвесторлары себепші. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл елде жылжымайтын мүлік немесе акциялар сынды дәстүрлі инвестицияларға деген сенім төмендеген. Оның үстіне Қытайдың Орталық банкі де алтын қорын тұрақты түрде ұлғайтуға көшкен. Сарапшылар пікірінше, Бейжің өзінің резервтік қорларын әртараптандыру және долларға тәуелділігін азайту үшін алтын сатып ала бастаған.

Мамандардың айтуынша, бағалардың өсе түсуіне қытайлық алыпсатарлар да себепші болуда. Олар алтын бағасының әлі де көтеріле түсетінін айтады.

Осылайша Қытай қазір алтын нарығында айтарлықтай ықпалға ие болған. Нәтижесінде 2022 жылдың соңынан бастап жаһандық баға шамамен 50%-ға өскен.

«Алтын бағасы өткен айда, тіпті Федералды резервтік жүйе пайыздық мөлшерлемелерді ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстайтыны туралы сигнал бергеннен кейін де күрт көтеріліп, нығаюды жалғастырды», – деп хабарлайды басылым.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта алтын бағасының артуына экономикалық факторлар емес, қытайлық сатып алушылар әсер етіп жатыр. Лондонда орналасқан MetalsDaily.com, бағалы металдар туралы ақпарат платформасының бас директоры Росс Норман соңғы күндері Қытайдың алтын бағасына әсері күшейгенін айтады.

«Қытайға алтын ағыны артты», – деген ол.

Ал Қытай алтын қауымдастығының мәліметінше, елдің алтын тұтынуы бірінші тоқсанда өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өскен. Наурызда Қытай Халық банкі алтын қорын 17-ші ай қатарынан ұлғайтқан. Банк өткен жылы әлемдегі кез келген басқа орталық банкке қарағанда көбірек алтын сатып алған.

Еске сала кетсек, алтын бағасы тарихи рекорд жаңартып, бір унциясы үшін 2400 доллардан асты. Нью-Йорк Comex биржасында маусым айындағы алтын келісімшарттарының бағасы бір унция үшін 1,7%-ға өсті. Осылайша құнды метал бағасы 2 413,9 долларды құрады. Нәтижесінде жыл басынан бері алтын 14%-ға артқан.

Сарапшылар 2024 жылдың күзіне қарай алтын мен күміс бағасы одан әрі қымбаттап, унциясын 2200 долларда асуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Алайда алтын бағасы сарапшылар болжамынан да жылдам қымбаттап барады.