Әйелдер мен балаларға қауіп төнгенде дереу көмек шақыратын қосымша іске қосылды
Қазақстандағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған AMAN Online стартапы іске қосылды. Бұл қосымшаны App Store дүкенінен жүктеп алуға болады. Алдағы күндері қолданба PlayStore дүкендеріне де шығады.
Бұл стартапты 26 жастағы Аружан Меде әзірлеген. Аружан – табысты edtech стартаптары мен дәстүрлі бизнесті іске қосу тәжірибесі бар технологиялық кәсіпкер. Бұл қосымшаның мақсаты – әйелдер мен балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда оларды қорғауға бағытталған. Яғни қолданба тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, бейтаныс адамдардың шабуылынан, тонау сынды қауіп-қатерден қорғау үшін пайдаланылмақ.
«Қосымша жасау идеясы Қазақстандағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігінің өткір мәселесінен туындады. Біз күн сайын жаңалықтардан әйелдерге қатысты жасалған зорлық-зомбылықты жиі көреміз. Мен осындай оқиғалардан өзімді және достарымды қорғағым келді. Бұл қосымшаны ықтимал қауіпті жағдайларды ескере отырып әзірледім. Стартап болғандықтан, бұл қолданба пилоттық режимде жұмыс істейді. Біз әзірге пайдаланушылардың бірінші толқынын қабылдауға дайынбыз», – дейді қосымша авторы.
Жалпы 2023 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда 401 зорлау дерегі тіркелген. Ал күн сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 300 қоңырау түседі екен. Жыл сайын 80 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан қаза табады. Әдетте зорлық көргендердің көбісі полиция шақыруға, жақындарын немесе маңындағылардан көмек сұрауға үлгермей жатады. Ал іске қосылған стартап AMAN Online жәбірленушіні лицензияланған жеке қауіпсіздік қызметімен жедел байланыстырады. Мұндай көмек қоңырау шалынғаннан бастап, 7-10 минут ішінде келеді.
«Қауіп төнген адам бірден SOS түймесін баса алады. Ол түйме басылған соң, бірден көмекке шақыру функциясы іске қосылып, автоматты түрде аудио-бейне таратылымы жүргізіле бастайды. Қазіргі уақытта бірнеше жеке қауіпсіздік фирмалары платформаны пилоттық режимде пайдаланып жатыр. Көмек күту кезінде қолданба дыбыс пен бейнені жазып алып, пайдаланушының айналасында не болып жатқанынан хабар береді. Қосымша адамның орналасқан жерін көрсетіп, қауіпсіздік қызметіне ақпарат жібереді», – дейді Аружан Меде.
AMAN Online қолданбасы қылмыстың алдын алу, өңдеу және құжаттандыру принципі бойынша жұмыс істейді. Егер түйме кездейсоқ басылса, қоңырауды 15 секунд ішінде тоқтату функциясы да бар. Аудио және бейне жазбалар бұлтта сақталады. Полиция бұл деректерді талап етпесе, екі аптадан кейін жойылады. Бұл қолданба жазылым негізінде жұмыс істейді. Әзірге бұл қызмет тек Алматы мен Астана тұрғындарына ғана қолжетімді.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Оған сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жасалған қылмыс үшін жаза қатайды.