БАӘ-дегі қазақстандық дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұраған видео жариялады. Оның айтуынша, күйеуі – Қазақстанның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі кеңесшісінің әйелінің бұл мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
ҚР СІМ-нің мәліметінше, әйелі ұрып-соқты деп айыптаған БАӘ-дегі Қазақстан елшісі кеңесшісінің ісімен құқық қорғау органдары айналысатын болады.
«Біз бұл қызметкерді Қазақстанға шұғыл түрде қайтарып аламыз. Бұдан әрі оның ісімен құқық қорғау органдары айналысатын болады», – деді Айбек Смадияров.
Әйелдің үндеуі «НеМолчи» қоғамдық қорының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Онда БАӘ Елшілігінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелін үнемі ұрып-соққаны, ал 5 мамырда әйелдің үлкен әпкесіне де күш қолданғаны туралы жазылған.
«Мен, Мамаш Карина Госманқызы, БАӘ елшісінің кеңесшісі Мамаш Сәкен Ташкенбайұлының әйелімін. 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келемін. Мен жұбайымның маған көрсеткен бүкіл қорлығы үшін дипломат мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Ол маған физикалық, жыныстық, эмоционалды, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті», – дейді зәбір көрген әйел.
Осы орайда «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Президентке, Ішкі және сыртқы істер министрліктеріне үндеу жасады.
«Ішкі істер министрлігінен Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі жасап отырған әрекетке араласып, әйелін күйеуінен қорғауды талап етеміз. Ол әйелі мен оның әпкесін ұрып-соққан. Фото мен видео азаптаудың болғанына дәлел. Президент Тоқаевқа, ІІМ, СІМ-ге ресми үндеу жасаймыз. Зорлықшының үстінен қылмыстық іс ашуды талап етеміз! Видеоға қараңыздар, Мөлдір Қабылова мен Салтанат Нүкенованың тағдыры қайталанып жатыр, – деді Дина Таңсәрі.