Жаслан Мәдиев Мусиннің орнына Цифрлық даму министрі болып тағайындалды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Оның кандидатурасына Парламент Мәжілісі келісім берді / Фото: primeminister.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жаңа басшы тағайындалды. Осыған дейін ведомстваны басқарған Бағдат Мусиннің лауазымдық қызметін енді Мәдиев Жаслан атқаратын болады.

 «Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Жаңа министр туралы не белгілі?

Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.  Еңбек жолын 2004 жылы «Альянс Банк» АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасының маманы болып бастаған.

2007-2008 жылдары — «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да жұмыс істеді.

 2009-2010 жылдары — KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT АҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2010-2014 жылдары — «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры-мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары.

2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық банкінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.

2017-2018 жылдары — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы, қаржы жөніндегі вице-президенті.

2018 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаржы жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды.

2019-2020 жылдары — Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі.

2020 жылғы қазаннан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылы қаңтарда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болып тағайындалған.

Еске салсақ, 30-сәуірде Президент осы уақытқа дейін Цифрлық даму министрлігін басқарған Бағдат Мусинді қызметінен босатқан болатын. Мусин бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды. Кейінірек экс-министр отставкаға кеткені туралы әлеуметтік желіде хабарлады. Ол Қазақстанның әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің біріне айналғанын мәлімдеп, өз командасына алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыз