Қазақстанның бірнеше облысында үсік жүрсе, кейбір өңірлерінде өрт қаупі сақталады – «Қазгидромет»

Жарияланды (жаңартылды )
көктем
Қазақстанның бірнеше өңірінде түнгі уақытта үсік жүреді / Фото: shutterstock

Қазақстанның бірнеше облысында үсік жүреді. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова айтты.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес 7 мамыр күні Қазақстанның біраз өңірлерінде ауа температурасы +1 градусқа дейін төмендейді. Болжамға сәйкес, түнде Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының шығысында, Қарағанды облысының солтүстік-шығысында, Абай облысында 1-3 градус үсік күтіледі. Ал Солтүстік Қазақстан облысының шығысында топырақ бетінде 1 градус үсік жүріп өтеді.

«ҚР басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен тұрақсыз ауа райы сақталады, найзағаймен жаңбыр жауады, елдің оңтүстік-батысында қатты жаңбыр жауып, бұршақ күтіледі. Тек еліміздің батысында, шығысында, оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы болады. Республика бойынша желдің күшеюі күтілуде, солтүстік-батыста, шығыста -тұман», – деді Алина Исмагулова ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Ал Атырау, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан, Абай облыстарында, керісінше, жоғары өрт қауіпі сақталады.

Сонымен бірге «Қазгидромет» өкілінің хабарлауынша, 7-13 мамыр аралығында қар жамылғысының тұрақсыздығы мен қар биіктігіне байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында қар көшкіні қаупі сақталады. Көшкін жүру қаупіне байланысты алматылықтар мен қала қонақтарына қарлы беткейлерге шығудан бас тарту ұсынылған.

Еске сала кетсек, жақында Қазгидромет мамыр айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынған болатын. Оған сәйкес, бір ай бойы ауа райы тұрақсыз болады, жаңбыр жауып, найзағай болады, екпінді жел соғады, кей жерлерде бұршақ түседі. Көп күн бойы жоғары температуралық фон сақталады деп күтілуде. Ал республиканың солтүстік бөлігінде күндіз ауа температурасы +35°C дейін, оңтүстік бөлігінде +40°C дейін ыстық болады.

Мамыр айында ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде. Мамыр айында жауын-шашын мөлшері еліміздің батысында, оңтүстік, орталық өңірлерінде шамадан тыс көп болады деп болжануда.

Сондай-ақ оқыңыз